Исатай ауданында ұлттық спорт федерациясының филиалы құрылды

Тамыздың үшінші жексенбісі – спорт күні.

Аталған мерекеге орай биыл аудандағы ұлттық спорттың жайын сөз қылуды жөн көрдік. Ұлттық спорт тарихымызбен сабақтасып жатқан, көшпелі өмір салты мен жаугершілік заманда ұрпақты қым-қуыт тұрмыс-тіршілік пен ел қорғау ісіне дағдыландыру үшін  бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойы қолданылып келген тәрбие құралы іспетті. Әрбір ұлттық спорт түрінің әдіс-тәсілдері ұзақ жылдар бойы уақыт сүзгісінен өтіп, еленіп-екшеліп, қимыл-қозғалыстары әбден кемеліне келіп, өзіндік ережелері қалыптасқанын аңғару қиын емес. Құндылық есебінде ұлттық спортты тіліміз бен ұлттық мәдениетімізбен бір деңгейде қарастыруға болады. Өйткені, бізді өзгелерден ұлт ретінде ажыратып тұрған да – осы тіліміз, мәдениетіміз, ұлттық спортымыз. Ауданымызда ұлттық спортты, соның ішінде, ат спортын дамытуды қолға алып, талмай тер төгіп жүрген азаматтар жоқ емес. Солардың бірі – тұщықұдықтық Өмірбек Хайруллаевпен жолығып, ұлттық спорт төңірегінде әңгіме өрбіттік.

- Біраз жылдан бері «ауданнан ұлттық спорт федерациясының филиалын құрамыз» деп шапқылап жүргеніңді білеміз. Федерация құрылды ма?

- Иә, ауданымызда да ұлттық спортқа жаны ашитын азаматтар аз емес, әсіресе, ат спорты сұранысқа ие, бәйге, аударыспақ өткізсең, тіпті тайжарыс, құнанжарыстың өзіне де көрермен көп жиналады, яғни қызығушылық бар. Қалың көпшіліктің мұндай қызығушылығы міндетті түрде ұлттық спорттың дамуына оң әсер етеді. Сондықтан осы бағытта жұмыстану керек болды. Жүйелі жұмыс болуы үшін федерация құрылу керек болды. Оған да қол жеткіздік. Қуанышты хабар бар. Жақында ұлттық спорт федерациясы аудандық филиалы құрылды, директоры – Бауыржан Құрасов, қазір сапарда жүр және құрылтайшылар қатарында басқа да жанашыр азаматтар бар. Көп кешікпей федерация филиалының куәлігін басқа да құжаттарын қолымызға табыстайды.

- Федерация құрудың қандай артықшылықтары бар, одан сіздерге қандай көмек болады?

- Біріншіден, федерациядан қаржылық, материалдық-техникалық көмек болады. Ұлттық спорт түрлеріне қажетті дайындық құралдарымен қамтамасыз етеді. Аттардың жем-шөбіне көмектеседі. Одан бөлек, федерацияда ұлттық спорт саласының нағыз мамандары шоғырланған, солармен тәжірибе алмасуға, атбегілік, құсбегілік жөнінен кеңестер алуға болады. Жалпы ұлттық спорт федерациясының жұмысы жолға қойылған, көпжылдық тәжірибесі бар, халықаралық деңгейлерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Бізге тек соны қайталасақ та жеткілікті.    

- Сіздердің ендігі жоспарларыңыз қандай, филиалдың жұмысын неден бастайсыздар, жалпы қандай спорт түрлерінен жаттықтырасыздар?

-Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, қыз қуу, аударыспақ, құсбегілік секілді бірнеше түрі бар. Бірақ мұның бәрін бірден жүзеге асыру қиындау. Біздің негізгі көздеп отырғанымыз, ұлттық спортқа жасөспірімдерді көбірек тартып, алдымен ауданда жасөспірімдердің көкпар командасын құруымыз керек. Қазір Құрманғазы, Индер, Қызылқоға, Атырау қаласы бәрінде командалар құрылды, тіпті, Атырау қаласы мен Қызылқоға ауданында бірнеше командадан құрылды. Олар әр ауылда құрып жатыр. Бізде де атқа отырып жүрген жасөспірімдер жетерлік, Аққыстау, Тұщықұдықта жабағы үйретіп, құнан мініп жүрген балалар бар. Бұрынғыдай емес, жолдың бойында ат мініп жүрген балалар көзге жиі ұшырасады. Тек солардың бастарын қосып, команда жасақтап, көкпардың әдіс-тәсілдерін үйретіп, шеберліктерін шыңдауымыз керек. Ал, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату секілді жекелей сындарға шабандоз табу, оны үйрету жеңілдеу, себебі, көкпар бірнеше адамның бір дене секілді қозғалуын талап ететін спорт. Сондықтан жекелей сындарға қарағанда қиындықтары бар.

- Команда жасақталғаннан кейін оларды үйрететін бапкер мәселесі қалай болады? Ұлттық спортқа қызығушылығы бар, өмірде атқа отырып көрмеген балалар да командаға келуі мүмкін, олардың қауіпсіздік шаралары ойластырылған ба?

- Әрине, балаларды бірден атқа отырғызбаймыз. Жаңа айтып өткенімдей, федерациядан құрал-жабдықтар келеді. Соның ішінде жасанды аттар бар, ер-тұрманды серіппеге бекіткен, қазақта «ашамай» дейді ғой, бірінші соған отырады. Тізгінді ұстап, тақымын қысып үйренгеннен кейін жабағы-тайларға отырады. Одан кейін бірден көкпар тартпайды, атпен шауып, жерден жасанды серкені көтеріп үйренеді. Бізге таңсық көрінгенімен, жаттықтырудың кешенді методикасы бар. Оның бәрі тәжірибеден өткен. Ол методикалар бойынша бала атқа отыруды қауіпсіз әрі шапшаң үйренеді. Команда жасақталғаннан кейін алғашқы ойындарды Қызылүй елді мекенінің маңында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, құмдық жер жарақат алмауға жақсы. Біздің қойып отырған межеміз келесі жылдың көктеміне дейін жасөпірімдердің көкпар командасын құрып үлгеруіміз керек.

Жалпы бізде ұлттық спорт кенжелеп қалғаны рас, бірақ бұл «ауданда мүлдем атқа отыратын азамат қалған жоқ» деген сөз емес. Бапкер болатындай жылқының қыр-сырын білетін азаматтарымыз бар. Аққыстауда Сырлыбай деген ағамыз бар, өзі кезінде оңтүстік Қазақстан облысында көкпар ойнаған, талай республикалық додаларға қатысқан, тәжірибесі мол. Дайындықтың қыр-сырын, аттың бабын да жақсы біледі. Сондай азаматтардың жәрдемімен бапкер мәселесін шешуге болады.

- Қазақтың ұлттық спорты көбіне атпен тікелей байланысты, оған ертең аттарды қайдан табасыздар?

- Жасыратыны жоқ, ат табу мәселесі өте қиын. Біздің де сүрінетін жеріміз осы. Ат спортына кез-келген ат жарамайды. Спорттық аттар қымбат тұрады, олардың бабы да, жем-шөбі де бөлек болады. Сондықтан бұл мәселеге алғашқы уақытта аудандағы қалталы азаматтар, ұлттық спорттың жанашырлары көмектеседі деп үміттенемін. Менің өзім де әрі кетсе, екі ат табармын, одан әріге шамам жетпейді. Басқа өңірлерден көріп отырғанымыздай, бұл қиындық уақыт өте келе шешімін табады. Мәселен, баласының мықты көкпаршы болғанын қалайтын ата-аналар аттарын өздері сайлайды. Кейбір спорттық аты бар азаматтар, жарыс уақыттарында көмектесіп жатады. Бірақ дәл қазіргі таңда біздің бірінші жолығатын қиындығымыз – ат табу мәселесі.

- Жалпы Атырау облысының ұлттық спорттағы жетістігі қандай, ол жөнінде не айта аласың?

- Облыс көлемінде қарайтын болсақ, ұлттық спорт қарқынды дамып келеді. Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық спорттың дамуына зор еңбек сіңірген, өзіміздің жерлесіміз Өнербек Жанбала ағамыз. Құсбегілікті, облыстағы алғашқы көкпар командасын жасақтау, теңге ілу, жамбы ату бәрін сол кісі жолға қойып кетті. Алғашында облыстың «Нарын» көкпар командасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен мықты көкпаршылар келіп ойнады. Бас кезінде «жергілікті көкпаршылар жоқ» деп мұқатқандар да болды. Бірақ қазір команданың дені жергілікті спортшылар, ал жасөспірімдер командасында толықтай атыраулықтар. Яғни, Өнербек ағамыз ақыры ойлағанына жетті. Одан кейін қазіргі басшымыз, Асланбек Жанбала – ең ірі «Дарабоз» жобасының авторы. Бұл – ұлттық спорт түрлерінен республикалық көлемде өтетін өңірлердің командалық чемпионаты. Қазіргі таңда бәйгеден, аударыспақтан көпетеген жетістіктер бар. Бұл ұлттық спорт түрлері аудандарда қарқын ала бастағаннан кейін тіптен күшейіп келеді.

- Соңғы сұрақ. Жергілікті атқарушы органнан қандай көмек керек?

- Жалпы ат спорты даму үшін бізге арнайы дайындық алаңы керек, аттардың қора-жайлары болуы керек, ол үшін жер керек болады. Сосын болашақта ел тізгінін ұстап отырған азаматтар ұлттық спорт кешенін салуды жоспарға енгізсе, тіпті жақсы. Оның ішінде, көрермендердің трибунасы, ат шабатын жолы, көкпар алаңы бәрі болуы керек. Осы кезге дейін, ауданда ұлттық спорт тек отаншыл азаматтардың патриоттық сезімінің арқасында аман қалды. Енді федерация құрылды, жекелеген адамдардың патриоттық сезімдеріне тәуелді қылмай, ел болып ұлттық спорттың дамуын қолға алуымыз керек. Ол балаларымызға да жақсы, атқа отырған адам өзінің бойындағы қорқынышын жеңіп үйренеді, бойында қайсарлық, батылдық пайда бола бастайды.

- Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз, рахмет!    

 Сұхбаттасқан Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521