Исатай ауданында волейболдан облыстық турнир өтті

Аудан орталығында ұлағатты ұстаз, спорт саласының ардагері Асан Нәсіпқалиұлын еске алуға арналған ер мұғалімдер арасында волейболдан облыстық ашық турнир ұйымдастырылды.

Шараға марқұмның отбасы, туған-туыстары, құрдастары, ұжымдастары, шәкірттері және алғаш спортқа баулыған ұстазы келді.

Асан алғаш студент болып келгенде мен дене тәрбиесі пәнінің ұстазы әрі "Әуесқой жүгірушілер" клубының бапкері едім. Ол бірден көзге түсіп, мықты спортшы екенін көрсете білді. Жүгіруден талай мәрте жарыстарға барып, жүлдемен оралды. Қазақстанды қоспағанда, Берарусь, Украйна, Латвия, Ресей елдеріне дейін барды. Оқуды да өте жақсы нәтижемен бітіріп шықты. Қай жағынан да мақтан тұтуға лайықты шәкіртім еді, - дейді ардагер ұстаз Жеңіс Айтбаев.

Құрдастарының атынан Қанатжан Қинешов, ұжымдастарынан Табила Исмагулова және спорт саласының ардагері Нұрлан Хамидуллин аудан спортына еңбегі сінген спортшы жөнінде естеліктерін айтып, сайысқа түсетін командаларға сәттілік тіледі.

Тартысты өткен турнирде аудан құрамасы мен Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп және Индер, Құрманғазы, Жылой, Мақат, Махамбет, Исатай аудандары командалары бақ сынады.

Жарыс нәтижесінде, қарсыластарынан бір бас жоғары ойын өрнегін көрсеткен Құрманғазы ауданының командасы І орынды жеңіп алды. Ал, ІІ орынды махамбеттіктер иеленсе, жүлделі үштікті аудан құрамасы қорытындылады.

Сондай-ақ, жерлесіміз Серік Темірхан "үздік жалғаушы", Махамбет ауданының спортшысы Үрістем Мусин "үздік ойыншы", құрманғазылық Жарқын Ыбыраев "үздік шабуылшы" номинацияларымен марапатталды.

Сонымен қатар, жүлдегер командаларға ақшалай сыйлықтар мен кубог, медалдар табыс етілді.

Берікбол Қонаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521