«ISATAI ONLINE CUP» турнирі өтті

Исатай ауданында мектеп оқушылары арасында «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешнықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен «ISATAI ONLINE CUP» турнирі өтті.

Ұлдар мен қыздар арасында ұйымдастырылған онлайн турнирге кермеге тартылу, кеуде көтеру, допты түсірмей ойнаудан аудан бойынша жетпіске жуық балғын спортшылар қатысты.

Бұл турнирде спортшылар онлайн арқылы сынға түсіп, шын жүйріктер марапаттарға ие болды. Атап айтар болсақ, кермеге тартылудан қыздар арасында Жұмажан Інжу (Ю.Гагарин орта мектебі) жеңімпаз атанса, Амангелді Шахида (Ж.Мырзағалиев орта мектебі) екінші, Шынар Тастайқызы (Ғ.Мәсәлімов орта мектебі) үшінші орындарды қанжығалады. Ал, ұлдар арасында Ерболат Нұрсәт (Аққыстау орта мектебі) бірінші, Мұқан Нұрхан (Х.Наубетов орта мектебі) екінші орындарға қол жеткізсе, Қайырлы Шаттан (Аққыстау орта мектебі) үшінші орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ, кеуде көтеруден қыздар арасында Аделя Какимқызы (Өркен орта мектебі) топ жарды. Екінші орын Айсәуле Хамидоллаға (Ж.Мырзағалиев орта мектебі), үшінші орын Айнұр Муфтоллаеваға (Новобогат орта мектебі) бұйырды. Ұлдар арасында кеуде көтеруден Аслан Алиханұлы (Абай орта мектебі) алдына қара салмады.

turnir-barys-2

Екінші орын – Елеусін Айсұлтанның (Ж.Мырзағалиев орта мектебі) еншісіне жазылса, үшінші орынға Аяпберген Ернұр (Х.Наубетов орта мектебі) тұрақтады. Допты түсірмей ойнаудан Айнұр Муфтоллаева (Новобогат орта мектебі) жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Гүлназ Рахметуллина (Өркен орта мектебі) екінші, Жанар Дуйсенова (Ғ.Мәсәлімов орта мектебі) үшінші орындарға ие болды. Аталған ойын түрінен ұлдар да белсенділік танытты. Олардың ішінде Бейбіт Жасұланұлы (Ғ.Мәсәлімов орта мектебі) көш бастап, Беклан Қилымов (Өркен орта мектебі) екінші, Даурен Сағидолла (Ж.Мырзағалиев орта мектебі) үшінші орындарды місе тұтты. -Елдегі төтенше жағдай режиміне байланысты оқушыларымыз қашықтықтан білім алып жатқаны белгілі. Бірақ, бұл олардың спорттан қол үзулеріне еш себеп бола алмайды. Жаттықтырушыларымыз ата-аналарымен онлайн түрде байланысып, балалардың үй жағдайында жаттығудан қол үзбеулерін қадағалап отырады, - дейді «Барыс» клубының директоры Асхат Жұмабеков. – Күні кеше ұйымдастырылған «ISATAI ONLINE CUP» турнирімізді балалардың бос уақытын тиімді пайдаланулары мақсатында қолға алған болатынбыз. Біраз шәкірттеріміздің белсенділік танытқаны көңіл қуантты, - дейді ол. Білгеніміздей, барыстықтар қайырымдылық шараларынан да қалыс қалып жатқан жоқ екен. Жақында ұжым болып ұйымдасқан олар Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Аққыстау, Жанбай ауылдарындағы аз қамтылған 20 отбасыға азық-түлік таратыпты.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT