Исатайлық балуан қыздың белесі

Бүгінде аудан спорты даму жолында.

Аудан орталығынан бөлек әр ауылдық округтерде де көптеген спорттық үйірмелер ашылып, ауыл балаларының спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне мүмкіндік жасалуда. Соның ішінде аудан халқы арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту, жастар мен жасөспірімдерді спортқа баулу мақсатында 2017 жылы ашылған «Барыс» спорт клубының орны бөлек.

Клуб директоры Асхат Жұмабековтен білгеніміздей, бүгінде клубта 14 үйірме бойынша 539 оқушы тәрбиеленуде және оларға 18 жаттықтырушы жетекшілік етуде. Клуб жанынан Исатай ауылында дзюдо, Жанбай ауылында каратэ, Нарын ауылында тоғызқұмалақ, Тұщықұдық ауылында самбо, таэвкондо және Өркен ауылынан гандбол үйірмелері ашылып, ауыл жастарын спортқа баулуда. Клубтан тәрбиеленіп шыққан талантты спортшылар бүгінде ауданның ғана емес, елдің мерейін асырып жүр. Барыстық жігіттердің жеңісін айтпағанның өзінде, бұрымдылардың де жетістіктері бір төбе. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, осы клубтың шәкірті, шалғай жатқан Исатай ауылының перзенті, бұрымды палуан – Нұрзила Қадыр.

- Клуб ашылған жылы аудан орталығынан бөлек, шалғай жатқан ауылдардан да спорт үйірмелерін ашып, ауыл балаларын спортқа тартуды ең үлкен мақсатым ретінде алдыма қойдым. Себебі еліміздің көк туын көкте желбіретіп, ел мерейін тасытып жүрген ел мақтаныштарының басым бөлігі ауылдық жерлерден шыққаны жасырын емес. Сондықтан ауыл балаларының спортқа деген құлшыныстары, олардың бойындағы таланттары тасада қалмауы тиіс. Әлі есімде, Исатай ауылынан дзюдо үйірмесін ашуға сол тұстағы ауыл әкімі Ұлболсын Қисымның септігі тиді. Ауыл әкімі ретінде бізді жаттығу залымен қамтамасыз етіп, қажетті жабдықтарды жеткізуге көмегін тигізді. Жалпы ауыл спортын дамыту жолында әркез қолдау танытумен ғана болды. Міне, осы ауылдан шыққан бір ғана Нұрзиланың өзі елдік, халықаралық бәсекелерді ел намысын абыроймен қорғап жүргеніне сіздерде куәсіздер, - дейді «Барыс» спорт клубының директоры Асхат Жұмабеков.

Балуан қыз жуырда жасөспірімдер арасында Ақтау қаласында өткен самбо күресінен ел чемпионатында алтыннан алқа тағынып, облыс абыройын асқатты және қараша айында Армения елінде өтетін әлем біріншілігінің жолдамасына ие болды. Одан бөлек, осы жылдың ақпан айында белбеу күресінен ҚР чемпионатында күміс жүлдені қанжығасына байлап, Татарстан мемлекетінде өтетін Әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігін алды. Сондай-ақ сәуір айында қазақ күресінен оқушылар арасындағы гимназияданың республикалық кезеңінің жеңімпазы атанса, араға бір ай уақыт салып, самбо күресінен оқушылар арасындағы гимназияданың республикалық кезеңінде облыс құрамасының қоржынына қола медальді салды. Бұл оның жыл басынан бергі 7 ай көлеміндегі жетістіктері ғана.

- Әр жарысқа барған сайын өзімнің үздік екенімді дәлелдегім келеді. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Қашанда бірінші болуды мақсат тұтамын. Татами төрінде барымды салып, қанша тер төксем де, бұл мен үшін аздық етеді. Сондықтан, бапкерімнің айтқанын екі етпеуге тырысамын, - дейді бұрымды палуан.

Жалпы, Нұрзила спортқа қалай келді? Осыдан бастасақ. Бала күнінен спортқа қызыққан ол 5-сынып оқып жүрген кезінде ауылдан ашылған дзюдо үйірмесіне келіп, «Барыс» спорт клубы дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Тұрар Ризуановтың қарамағында жаттығып бастайды. Жаттықтырушының ақыл-кеңесін ынта-шынтасымен орындаған еңбекқор қыз араға бір жыл салып, облыстық жарыстарда бағын сынайды. Әрі аз ғана уақыт ішінде облыстық біріншіліктерде жүлдеге ілігеді. Ал, кейін өңірдің намысын республикалық додаларда қорғай бастайды. Тіптен, Қазақстанның чемпионы атанады. Осы жылдың өзінде екі мемлекетте өтетін қос Әлем біріншілігіне жолдама алды. Бір балуанның бір жылдың ішінде екі бірдей әлем біріншілігіне жолдама алуы, аудан тарихында бірінші рет орын алып отыр. Осылай спортқа нық қадам басқан ол бас-аяғы бес жылдың ішінде белбеу, самбо, дзюдо күресінің қыр-сырын меңгеріп, белгілі балуанға айналды. Бұл нәзікжанды Нұрзила үшін ерлікпен пара-пар екені даусыз.

Бүгінде тәжірибелі бапкер Тұрар Ризуановтың шәкірті Нұрзила дзюдомен қоса, самбо, белбеу, қазақ күресін де қоса алып жүр.

36dee8f2-21ec-4354-999f-7b96a78b9927

- Жалпы, шәкіртім қашанда артқан сенімімді ақтаумен келеді. Спортқа алғаш қадам басқаннан бүгінге дейін көптеген жетістіктерге қол жеткізіп үлгерді, өзін нағыз палуан ретінде қалыптастыра алды. Әрбір жаттығуда үйреткен тәсілдерді жетік меңгеріп алады. Әрі бойында ерекше дарындылық байқалады. «Мықтылық мұратсыз келмейді» демекші, оның алға қойған мақсат-мұраты бар. Бұйыртып жатса, әлі талай додаларда оза шабатын боламыз, - дейді шәкірті жайында сөз қозғаған Тұрар Ризуанов.

Бұрымды палуанның спортқа бет бұруына оның ата-анасы да еш қарсылық білдірмеген, керісінше, қыздарын қолдап, болашақта биік белестерді бағыдыратынына сенім артқан.

- Спорттың салмағының қаншалықты ауыр екенін білемін, қаншама жауапкершілік жүгі, сенім үдесінен шығу да оңай емес. Дегенмен, осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Ата-анамда мені үнемі қолдап, демеп отырады. Алда қазан айында белбеу күресінен Татарстанда өтетін әлем біріншілігі күтіп тұр. Ал, одан кейін Армения елінде өтетін әлем біріншілігіне де жолдамам бар. Екі бірдей әлем біріншілігінде көк туымызды көкте қалықтатсам деймін. Қазір тыңғылықты жаттығу үстіндемін. Әрине, сабақ үлгерімімді де ұмыт қалдырмаймын, – дейді жас спортшы.

Осы орайда, бұрымды балуан ұстаздарына, ауыл балаларының спортпен шұғылдануына жол ашқан «Барыс» спорт клубының директоры Асхат Жұмабековке, әркез жеңістің жолына баулып келе жатқан жеке бапкері Тұрар Ризуановқа және спорттағы жолына тілекші болып, қолдау танытып отыратын өзінің ауылдастарына алғысы зор екенін жеткізді. Міне, барыстық бұрымды балуан қыздың жеткен жетістіктері осындай. Тек жерлесімізге сәттілік серік болсын дейміз. Өр мінезді, жалынды жастың алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521