Исатайлық спортшылар ҚР чемпионатында бақ сынайды

Жуырда Атырау қаласында кикбоксингтен 2008-2009, 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат өтті.

Қала және 7 ауданның спортшылары бақ сынасқан чемпионатқа Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі кикбоксинг бөлімінің шәкірттері де қатысып, бірқатары жеңімпаз және жүлдегерлер тұғырынан көрінді.

Атап айтқанда, Рахим Сүйеуғали, Дамир Ернарұлы және Жанай Сейлхан өз салмақ дәрежелерінде барлық кездесуді сәтті аяқтап, чемпионаттың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Диас Боранбай, Аманбек Қайырғали, Жарасбек Қайнолла, Нұррахман Фархадұлы, Мейрамбек Жұмабек, Нұрахмет Бақыт, Сұлтан Бейбарыс Нұрлыбекұлы ақтық сынға дейін өтіп, күміс жүлдені қанжығаға байласа, Жандарбек Қайырғали, Рахман Сүйеуғали, Дарын Шарапиден, Рахмен Қуандық жарыстың қола жүлдесін қанағат тұтты.

d6eb0d50-929d-4b9d-9315-7f8d0d36f341

- Облыстық іріктеуде шәкірттерімнің ешбіреуі де аянып қалмай, жеңіске қол жеткізуге бар күш-жігерлерін салып бақты. Жасөспірім жасында болсада, жеңіске деген ұмтылыстары бар, «ауданымның атын республикалық, халықаралық жарыстарда шығарып, туған жерге жүлде сыйласам» деген мақсаты бар, шәкірттерімнің өсіп келе жатқаны мені қуантады. Олардың бірқатары өткен жылы жарыстарда топ жарып, үмітімді ақтады. Ал, облыстық чемпионаттың нәтижесіне келер болсақ, Рахим Сүйеуғали, Жарасбек Қайнолла және Нұррахман Фархадұлы есімді үш шәкіртім ақпан айының 23-28 күндері аралығында Қостанай қаласында өтетін ҚР чемпионатына жолдама алды. Қазір қызу дайындық үстіндеміз, - дейді жаттықтырушы Руслан Хисмаев.

Іріктеуден өткен жерлестерімізге бізде өз тарапымыздан сәттілік тілейміз!

Әділбек СЫРЫМОВ 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT