Сәуір айының 28-29 күндері Тараз қаласында белбеу күресінен ҚР чемпионаты өтті.
2002-2004 жылы туған жастар арасында өткен байрақты бәсекеге еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады. Олардың қатарында облыс құрамасының сапында +100 келі салмақта сынға түскен Исатай БЖСМ-нің шәкірті Мағауия Асланбек те бар. Боз кілемнің төрінде өзара мықтыларды айқындаған белдесудің қорытындысында жерлесіміз ҚР чемпионатының күміс жүлдесін қанжығалап, аудан, қала берді облысымыздың абыройын асырды.
Асланбектің жаттықтырушысы Хамзин Беріктен білгеніміздей, жас спортшы чемпионаттың нәтижесінде алда болатын әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
- Мықтылар басқосқан ел чемпионатында үздіктер қатарынан көріну де оңай емес. Асланбек алқалы топқа именбей еніп, қарсыласынан қаймықпай, әркез Толағайдай топ жара жүретін, болашағынан зор үміт күттіретін шәкірттерімнің бірі. Шәкіртім бұл жолы да үмітімді ақтады, күміс жүлдеге қол жеткізді. Ұстаз үшін шәкіртінің жетістігінен асқан қуаныш болмас. Ендігі кезекті әлем чемпионаты күтіп тұр. Ол сыннан да қаймықпай өтеміз деген сенім басым, - дейді исатайлық тәжірибелі жаттықтырушы Берік Хамзин.
Иә, бізде өз кезегімізде алдағы әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын жерлесімізге бағың мен бабың қатар шапсын демекпіз.
Жеңіс құтты болсын, жерлестер!
Әділбек СЫРЫМОВ