Ақпан айының 22-25 күндері аралығында Ақтөбе қаласында 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан облыстық ашық біріншілік өтті.
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына биыл 33 жыл толуына орай қолға алынған бәсекеге Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі бокс бөлімінің шәкірттері де қатысып, жүлделі орындарға қол жеткізіп қайтты.
Атап айтқанда, Мирас Бейбітжанұлы, Арсен Игілікұлы мен Дастан Нұржан өз салмақтары бойынша қола медальді қанағат тұтса, финалда ғана сүрінген Нұрсәт Мәжитов, Мерей Манарбек, Дастан Рахметолла мен Азамат Жақсығали күміспен күптелді. Ал, барлық кездесулерінде қарсыластарының осал тұсын тауып, алға шыққан Нұрислам Жолдасқали, Ернар Ғаллам, Нұрәлем Рашид алтыннан алқа тағып, облыстық ашық біріншіліктің жеңімпаздары болды. Сондақ-ақ бұл жарыста Ернар Ғаллам «Үздік боксшы» аталымына лайықты деп танылса, Исатай аудандық БЖСМ бокс бөлімінің жаттықтырушысы Аслан Меңдіғалиев «Үздік төреші» атанды.
- Жалпы шәкірттеріміздің аяқалысы жаман емес. Күні-бүгінге дейінгі жетістіктері де көңілден шығады. Десе де босаңсуға еш болмайды, жаттығуды күшейтіп, шәкірттеріміздің бабын келістіруіміз қажет. Басты мақсатымыз - болашақта ел намысын абыроймен қорғайтын чемпиондарды тәрбиелеу, - дейді жаттықтырушы Аслан Меңдіғалиев.
Спортшылардың бапкерлері Исатай аудандық БЖСМ бокс бөлімінің жаттықтырушылары Аслан Меңдіғалиев, Аманғали Өтегенов, Нұржан Тілекқабылов екенін де айта кеткен жөн.
Әділбек СЫРЫМОВ