ИСАТАЙ АУДАН ВОЛЕЙБОЛШЫЛАРЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫСҚА ҚАТЫСАДЫ

Қазір ауданымызда Атырау облысы білім басқармасы Исатай аудандық білім бөліміне қарасты  "Барыс" балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен  “Ұлттық мектеп" лигасының аудандық іріктеу сыны  футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, тоғызқұмалақ, бес асық,асық ату, үстел теннисі, шахмат сияқты спорт түрлерінен өтуде. Ауданымыздан жеңімпаз атанған командалар облыстық сында аудан намысын қорғауда.

 Ал лиганың басты  мақсаты – білім беру ұйымдарының білім алушыларын спортпен тұрақты шұғылдануға тарту, мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Лига жарыстары барысында ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде қоғам өміріне белсене атсалысатын көшбасшыларды, дарынды балаларды топтастыру және жас спортшылардың ортасын құру, мектеп спортын бұқаралық сипатта дамыту көзделуде.

Атырау облысы білім басқармасы Исатай аудандық білім бөліміне қарасты «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы биылғы жылды үлкен жетістіктермен бастағанын айта кетуіміз керек. Қаңтар айында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігі ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының жоспарына сәйкес Атырау облысы білім беру басқармасы Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спорт дамыту орталығының ұйымдастыруымен волейболдан 9-11 сынып қыздары арасында   және үстел теннисінен 5-6 сынып оқушылары арасында облыстық Ұлттық мектеп лигасы өткен болатын. 5 қаңтар күнгі волейболдан болған жарыста ауданымыздан  Ж.Мырзағалиев атындағы мектептің оқушылары бақ сынады. Лигаға  Атырау қаласы, Binom мектебі, Махамбет, Мақат, Құрманғазы, Индер, Жылыой аудандарынан оқушылары да қатысқан болатын. Шәкірттері жаттықтырушылары Асыланбек Аронов пен Қуанғали Зейінғалиевтың еңбектерін ақтап, жарыс нәтижесіде жүлделі бірінші орынды қанжығаларына байлап, аудан мерейін үстем етті.

  Ал, 4 қаңтар күні үстел теннисінен болған сайыста  11-12 жастағы оқушыларымыз күміс жүлдені қанжығаға бөктерді. БҰЛ жеңіс жаттықтырушылар Нұрлан Пауеденов,  Әділет Пазылғалиевтың шәкірттерін  сайысқа тиянақты  дайындауының арқасында мүмкін болды.

  Волейболдан жүлделі орын алған командамыз республикалық байрақты бәсекеде  ауданымыздың ғана емес облысымыздың да намысын қорғайды.                                      

Бекзада МЕҢДЕКЕНОВА, 

«Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521