Исатай ауданында тұңғыш рет жөспірімдер арасында кикбоксингтен «Барыс үміттеріне» арналған облыстық ашық турнир өтті.
Исатай ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру-даярлық клубы мен Атырау облысы кикбоксинг федерациясының ұйымдастыруымен өткен жарыста Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары мен Атырау қаласынан, сондай-ақ, жергілікті кикбоксшылар бақ сынады.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Н.Абежан аудан спортының қазіргі ахуалына тоқталып, бірқатар жас спортшылардың жетістіктерін атап өтті. Жарысқа аранайы шақырылған қонақтар сапында облысымызда кикбоксинг спортының ең алғаш негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы С.Қасанғалиев, облыстық аға жаттықтырушы Д.Юсупов және де кикбоксингтен әлем чемпионы Қ.Қосақов секілді бір топ майталман мамандар мен спорт ардагерлері, айтыскер ақын С.Нұрманов, Е.Тәниев бастаған спорт жанашырлары болды. Жылы лебіздерін жеткізген меймандардың бірі, федерацияның қамқоршы кеңесі мүшесі М.Қуандықұлы аталған жекпе-жек түрінің өңірде дамуына ықпал етіп, зор үлес қосып жүргендері үшін аудан әкімі М.Мурзиев пен «Барыс» клубының директоры А.Жұмабековке федерация президенті Ә.Семғалиевтың алғыс хаты мен естелікке кикбоксинг жейдесін тапсырды.
Сондай-ақ, аудан тарихында кикбокстан тұңғыш чемпион атанған жас спортшы қызымыз Төлеуіш Айаруға (жаттықтырушысы Руслан Хисмаев) федерация атынан 50 мың теңге ақшалай және аудан әкімдігінің сыйлығы табысталды. Бұл салтанатта спорт жанашырларының мәрттігі де көрініс тапты. Айтар болсақ, жақында ғана Үндістан елінде өткен самбодан Азия чемпионатында жеңімпаз атанған Е.Қуанғалиев пен А.Мейрамбекұлына (жаттықтырушылары А.Жұмабеков) Исатай ауданының Құрметті азаматы Б.Ғұбайдуллиннің ұрпақтары "Бекет" шаруа қожалығының атынан ат мінгізіп, жас палуандарымызға құрметін білдірді.
150-ге тарта кикбоксшы бақ сынаған бәсеке үш күнге созылды. Тартысты өткен жекпе-жекте «Барыстың» жас жауынгерлері де барын салды. Атап айтар болсақ, Жарасбек Қайнолла, Дінмұхаммед Қуанғали, Дархан Рашидұлы жарыс жеңімпаздары атанса, Аян Болатбекұлы, Алмас Болатұлы, Ертас Аманбай екінші, Баубек Қаражанов, Айқын Жақсығұл, Рахим Сүйеуғали, Жантөре Рашидұлы, Санжар Нұрболұлы үшінші орындарды қанжығалады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ