Исатай ауданында оқушылар арасындағы «Ұлттық Мектеп Лигасы» басталды

Жанбай БЖСМ спорт кешенінде Исатай ауданы білім бөліміне қарасты «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ұлттық мектеп лигасының» ашылу салтанаты өтті.

Ұлттық лигада 3500-ге жуық мектеп оқушылары спорттың 11 түрінен 46 жарыс бойынша өзара сынға түседі. Атап айтсақ, баскетбол, волейбол, гандбол, футзал, шахмат, асық ату, бес асық,тоғызқұмалақ, үстел тенисі және футболдан "Былғары доп" , жеңіл атлетикалық кросс.  Мектеп лигасында  ұстаздың еңбегі мен шәкірттің маңдай тері көрініп, ең үздіктер анықталады. Бақ пен бап қатар шабатын сайыста ұстаздың еңбегі мен шәкірттің дайындығы сынға түседі.

Салтанатты шараға Исатай ауданы әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы, Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облыстық департаментінің Исатай аудандық бөлімінің басшысы Еділ Ерболатұлы, Исатай аудандық  маслихат депутаты Сакен Шарапиденұлы, Жанбай ауылдық округі әкімі Дидар Жалғасбайұлы, Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Набидоллаұлы, Жанбай  балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Руслан Бақтығалиұлы, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру спорт клубының басшысы Асхат Жұмабекұлы қатысты. Жарыс маусымының ашылу салтанатында Нұрғайша Халидоллақызы мен Еділ Ерболатұлы сөз сөйлеп спортшыларға сәттілік тілеп, ақжарма лебіздерін білдірді.

– Дәстүрге айналған  «Ұлттық мектеп лигасының» өзіндік орны бар.  Себебі әр жыл сайын маңыздылығы артып, спортсүйер жастардың саны артып келеді. Ал жастардың спортпен шұғылданып, салауатты өмірді ұстануы болашақ үшін аса маңызды. Мектеп оқушылары республикалық деңгейге дейін жоғары нәтиже көрсетіп, өздерінің спорттық дайындықтары мен біліктіліктерін дәлелдеп, аудан мерейін асқақтатып жүр. Биыл да жоғары нәтиже көрсетіп, биік шыңдардан көрінеді деген сенімдеміз,-деді ауданы әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы.

Аталмыш лиганың басты мақсаты –Оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттаумен бірге отансүйгіштікке тәрбиелеп, әр спорт түрінен аудан үздіктерін анықтау.  

Алғашқы сайыс гандболдан 9-11 сыныптың оқушы ұлдары арасында өтуде. Ойын тартысты өтуде.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT