Желтоқсан айының 7-11-і күндері аралығында Шымкент қаласында Пенчак силат спортынан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.
300-ге жуық спортшы қатысқан сайыста Атырау облысы құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медальға ие болды. Олардың арасында ересектер арасында 85 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен «Исатай» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Айбол Жолдасов жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Сондай-ақ, Айболдың шәкірті «Исатай» БЖСМ-нің жас спортшысы Әділбек Нұрхан жасөспірімдер арасында 51 келі салмақта өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болып, абыройымызды асырды.
- Пенчак силат – каратэ, таэквандо жекпе-жектеріне ұқсас жас спорт түрі. Айырмашылығы беттен соққы жасауға тыйым салынған. Сондай-ақ, жекпе-жекте қарсыластардың ашуға салынып, қызбалыққа берілуіне жол берілмейді. Ел тарихында екінші рет өтіп отырған чемпионатта облыс командасы жоғары нәтиже көрсетті. Бабымызға бағымыз сай келіп жеңімпаз атандық. Алда әлем, құрлық біріншіліктері күтіп тұр, - дейді Исатай БЖСМ жаттықтырушысы, су жаңа Қазақстан чемпионы Айбол бауырымыз.
Айбол Жолдасов енді Азия, әлем чемпионаттарында бақ сынайтын болады.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ