Бүгін Аққыстау ауылы АТП мөлтекауданынан «Самұрық қазына» акционерлік қоғамының демеушілігімен салынған балалар мен жасөспірімдерге арналған көше тренажері пайдалануға берілді.
Ашылу салтанатында Аққыстау ауылдық округі әкімі Ғаділ Боранбаев сөз алды.
- Елбасы Н.Ә.Назарбаев күні кешегі халыққа арнаған Жолдауында халықтың, ауылдың әл-ауқатын көтеру мәселесін бірінші кезекке қойған болатын. Жолдауда айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында «Самұрық қазына» акционерлік қоғамы қолдау білдіріп, қысқа мерзімде спорт алаңын салып беріп отыр. Бұл алаң жастарымыздың салауатты өмір салтын сақтауға, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануларына зор мүмкіндік жасап отыр. Ауыл тұрғындары атынан демеушілік білдірген мекемемеге алғыс білдіремін,- деді ауыл әкімі.
«Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы ардагерлер ұйымының төрағасы Ибатолла Қаражанов пен спорт ардагері Асқар Молдабаев құттықтау тілектерін жеткізіп, жастардың алаңды күтіп, таза ұстаулары қажеттігін баса айтты және жаңа алаңның лентасын қиды. Бұл орталық шағын болғанымен, сол маңдағы тұрғындарды толық қамти алады. Онда дене қозғалысын қалыпқа келтіретін тренажерлар, балаларға арналған көпқұрылымды және кіші аяқ доп ойыны алаңы Бұл акционерлік қоғамның «Менің елім» бағдарламасы аясында қолға алған игі бастамалары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Әйгерім ҚҰБАЕВА.
Суретін түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.