ҚАМЫСҚАЛА ФУТЗАЛ КЛУБЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТҚА ЖОЛДАМА АЛДЫ

Жаңа жыл аудан спорты үшін жағымды жаңалықпен басталды. Исатай ауданының намысын қорғап жүрген Қамысқала футзал клубы елорда Астана қаласында өтетін әуесқойлар арасындағы футзалдан Қазақстан Республикасы чемпионатына жолдама алып, аудан тарихында тағы бір маңызды белесті бағындырды.

 Аталған республикалық біріншілікке еліміздің түкпір-түкпірінен 80-ге жуық команда қатысады. Турнир форматы бойынша әр облыстан тек үздік шыққан командаларға ғана мүмкіндік беріледі. Яғни, Қамысқала футзал клубының бұл жолдамасы – кездейсоқ табыс емес, ұзақ жылдық тұрақты жұмыстың, мақсатты дайындықтың және жүйелі дамудың заңды жемісі.

 Клубтың қалыптасу жолы да соны дәлелдейді. Қамысқала футзал клубы алғаш рет 2020 жылы Атырау қалалық футбол федерациясы ұйымдастырған ашық біріншіліктің ІІІ лигасында бақ сынады. Уақыт өте келе команда тәжірибе жинап, нәтижелі ойын көрсетіп, 2023 жылдан бастап осы турнирдің І лигасында тұрақты қатысушы атанып келеді. Бұл – аудандық деңгейдегі команданың облыстық деңгейде өз орнын нық қалыптастыра бастағанын көрсетеді.

 Клуб жұмысының тағы бір маңызды бағыты – жасөспірімдер футболын дамыту. Қазіргі таңда команда құрамында ересектер ұжымымен қатар, «Барыс» БЖДШД клубы мен Исатай БЖСМ жанынан құрылған 2009–2010, 2012–2013 және 2014–2016 жылдары туған жасөспірімдер командалары бар. Бұл жас ұжымдар облыстық турнирлерде жеңімпаз және жүлдегер атанып, аудан футболының болашағы ретінде танылып отыр.

 

 

Соңғы жылдардағы жетістіктер бұл бағыттың дұрыс таңдалғанын айқын аңғартады. Қамысқала футзал клубы Исатай ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ересектер арасындағы «Исатай футбол лигасында» 2023 жылы күміс жүлдегер атанса, 2025 жылы турнир жеңімпазы атанды. Сол жылы команда әуесқойлар арасындағы Атырау футбол федерациясы ұйымдастырған лиганың А тобында (облыстың 13 командасы қатысқан) өнер көрсетіп, чемпион атанды. Бұл – Исатай ауданы тарихындағы футзалдан қол жеткізілген алғашқы ірі жетістік ретінде бағалануы орынды.

 Осы жеңістердің арқасында Қамысқала футзал клубы Астана қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама алды. Қазіргі таңда команда Атырау қаласында өтіп жатқан ашық біріншілікте бақ сынап, жоғары деңгейдегі ойын тәжірибесін жинақтауда. Бұл – республикалық дода алдында маңызды дайындық кезеңі.

 Команда капитаны Айбол Бисенбаевтың айтуынша, алдағы турнир тек спорттық бәсеке ғана емес, аудан абыройын қорғау жолындағы үлкен жауапкершілік.

 – Бұл жолдама – бірнеше жылдық еңбектің, талмай жаттығудың және бірліктің нәтижесі. Біз аудан намысын республикалық деңгейде лайықты қорғауды басты мақсат етіп отырмыз. Ол үшін дайындықты күшейтіп, барлық мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет. Мұндай деңгейдегі жарыс қосымша қаржылық шығынды да талап етеді. Жол, тұру, тамақтану, спорттық құрал-жабдық – бәрі қаражатқа байланысты. Сондықтан аудан спортына жанашыр, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтарды командаға қолдау көрсетуге шақырамыз. Бір ғана команданы емес, тұтас аудан спортының беделін көтеруге қосылған үлес болмақ. Сонымен қатар, команданың қалалық және аудандық турнирлерде жоғары деңгейде өнер көрсетуіне, әр қала мен облыстан келетін легионер ойыншылардың қатарға қосылуына септігін тигізіп жүрген ауыл азаматтарына, шаруагерлер мен кәсіпкер жандарға шынайы ризашылығымызды білдіреміз,-дейді команда капитаны.

Шынында да, Қамысқала футзал клубының жетістігі – аудан жастарына үлгі, ауыл спортының әлеуеті зор екенін дәлелдейтін нақты мысал. Бұл табыс Исатай ауданында бұқаралық спорттың дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, республикалық деңгейде де аудан абыройын асқақтату.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT