«Келер жылы алтын аламын» дейді Азияның күміс жүлдегері Айымгүл Махуова

Бұған дейін де ірі додаларда топ жарып, абыройымызды асқақтатып жүрген палуан қызымыз Айымгүл Махуова жақында Моңғолияда самбо күресінен өткен Азия чемпионатының күміс жүлдесін қанжығаға байлап қайтқан болатын.

Сапардан келген беті өзі түлеп ұшқан Аққыстау орта мектебіне ат басын бұрған спортшы мен оның бапкері А.Жұмабековті ұстаздар мен оқушылар ерекше құрметпен қарсылады. Білім берген ұстаздары мен ізінен ерген іні-сіңлілері Айымгүлді бұл жеңісімен құттықтап жатты. Одан соң мектептегі мәжіліс залында жал-ғасқан жылы жүздесуде ізгі тілектер айтылып, түрлі сауалдар қойылды. -Бұл менің ғана емес, бәріміздің ортақ жеңісіміз деп санаймын, - дейді Айымгүл көптің қошеметіне ризашылығын білдіріп. Бұл құрлық чемпионатына бару үшін біраз тер төгіледі. Алдымен ел біріншілігінен жүлдегер атандым. Одан әрі жаттығуымды шыңдап, осы бәсекеде бақ сынадық. Былтыр Азиядан қоланы қанағат тұтып қайтқанмын, биыл, міне, күміс бұйырды. Келесі жылы, Алла қаласа, алтын алатын шығармын, - дейді ол күліп.

Бұл байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынды иеленіпті. – Осындай жеңісті сәтінде Айымгүлге қолдау білдіріп, кездесу ұйымдастырып жатқан мектеп басшылығына алғысымды білдіремін, - дейді спортшының бапкері А.Жұмабеков. - Бұл мектептен Айымгүлдің ізін басқан шәкірттер шығуын тілеймін. Оқушыларға айтарым, талмай тер төксең, алынбайтын асу жоқ. Бұдан да үлкен жетістікке қол жеткізуге болады. Ол үшін еңбек ету керек. Осылай деген бапкер Айымгүлдің жетінші сыныптан спорт мектебінің табалдырығын аттағанын, содан бері біраз белестерді бағындырғанын айтады. – Осы спорт себепті елдің әр түкпірінен біраз достар тапты, ел, жер көрді. Ең бастысы, ауданымыздың, облысымыздың ғана емес, елдің атын шығарып, деңгейлі додаларда атой салып жүр. Бұның өзі көптеген жастарға үлгі болады деп ойлаймын, - деп түйіндеді ол ойын. – Бойыңда қанша талант болса да, оны біліммен толықтырмасаң, жетіл-дірмесең, шынықпасаң, ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайсың, - дейді ардагер спортшы Е.Насимуллин. Енді Айымгүлді алда әлем чем-пионаты күтіп тұр. Кездесуді қорытындылаған мектеп директоры Н.Сембаев мектеп түлегінің бұл сыннан да сүрінбеуін тіледі. Біз де құрлықтың күмісін иеленген аруымыздың әлемді де мойындатуына тілеулестігімізді білдірдік.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суретті түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT