Халықаралық турнир: қанжығамыз жүлдеге толды

Сәуір айының 25-30 күндері аралығында Байқоңыр қаласында таеквондадан Ғарышкерлер күніне арналған «А» дәрежелі халықаралық турнир өтті.

2005-2007, 2008-2010, 2011-2012, 2013-2014, 2015-2016 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен турнирде өз еліміздің спортшыларымен қоса Иран, Өзбекстан, Белоруссия, Ресей сынды мемлекеттердің де спортшылары бақ сынады. Аталған турнирге Исатай БЖСМ таеквондо бөлімінің шәкірттері де қатысып, жеңімпаз және жүлдегерлер тұғырынан көрінді.

efedc8eb-0524-48b0-b6c5-135f6c1fbe6a

Атап айтқанда, ұлдар арасында Амир Зинолла және қыздар арасында Зайнаб Әбілмаржан байрақты бәсекенің жеңімпазы атанса, ұлдар арасында Аманбек Сағын, Ерден Марат, Ерасыл Серікқалиұлы және қыздар арасында Райхан Еркінғали, Кәусар Қуанышқали, Аягөз Серік, Шұғайнат Сейдхан, Фарзана Асылханқызы, Құралай Сержан және  Аделина Тілектесқызы өз жылдары бойынша II, ІІІ орындарды иеленіп, жүлдегерлер сапынан көрінді.

- Халықаралық турнир біз үшін нәтижелі болды. Шәкірттерімнің арасында топ жарған жеңімпаздар да, ІІ, ІІІ орындарды иеленген жүлдегерлер де бар. Олардың барлығы да мектеп жасындағы оқушылар. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ халықаралық дәрежедегі турнирде сынға түсті. Бұл да жаман емес. Ең бастысы осындай ірі турнирлер оларға тәжірибе жинақтауға көп септігін тигізер еді. Қай жүлде болсын төккен тер, үздіксіз жаттығудың арқасында келетіні анық. Сондықтан біз бұдан да жоғары белестерді бағындыруға жұмыстанамыз, - дейді спортшылардың бапкері Айбол Жолдасов. 

Жеңіс құтты болсын, жерлестер!

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT