Исатай ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының, сондай-ақ, «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен ауданның «Құрметті азаматы» атанған Хатима Дайырованы еске алуға арналған волейболдан әйелдер арасындағы аудандық біріншілік өтті.
Мұндағы мақсат Хатима Дайырқызы апамыздың есімін ел жадында жаңғырту, бұқаралық спортты насихаттау, ізбасар қыз-келіншектер арасында волейбол ойынын дамытып, гендерлік саясатты қолдау болып табылады. Турнирге аудан бойынша жалпы 9 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыстың ашылу салтанатының шымылдығын аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы ашып, ақжарма лебізін білдірді.
–Қайырлы күн құрметті ағайын, қадірменді жерлестер! Үлкенге ізет көрсету, «Құрметті азаматтарымызды» ардақтау - біздің басты міндетіміз. Ауданның мал шаруашылығы саласында ұзақ жылдар қызмет еткен, бір ферманы 25 жыл басқарып, бірнеше еңбек ерлерін табыстың төріне жеткізе білген ұжым жетекшісі, «Нарынның қаhарман қызы» Хатима Дайырқызы – осындай құрметтілеріміздің бірі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін, өнегелі өмір жолын насихаттау бағытында бірқатар шаралар қабылданып, 1997 жылы Исатай ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді, Тұщықұдық ауылындағы орталық көше апайдың есімімен аталады.
Бүгінде апамыздың ізін жалғап, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген сіңлілері аз емес. Аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия осындай белсенді, шығармашыл, өз саласындағы үздік қыз-келіншектерге қолдау білдіріп, аудан көлемінде жүйелі жұмыстарды жүзеге асыруда. Ауданымызда ауыл әйелдеріне арналған республикалық, облыстық форум, кездесулер, оқыту семинарлары, әртүрлі шаралар өткізіліп келеді. Сондай-ақ, спорттық шаралар өткізу де қолға алынған. Өткен жылы Жанбай ауылында әйелдер арасында волейболдан ауданның «Құрметті азаматы» Құлғалиева Ботагөз апайымызды еске алуға арналған турнир өткізілсе, бүгін ауданының «Құрметті азаматы» Дайырова Хатима атындағы осындай турнир өткелі отыр. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Осы шараға арнайы келіп қатысып отырған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлына, Хатима Дайырқызының туыстарына алғысымызды білдіреміз. Аудандық турнирге ауылдық округтер мен мекемелерден қатысушы 9 командаға сәттілік тілеймін.Турниріміз жоғары деңгейде өтіп, мықты командалар жеңіске жетеді деп сенемін,-деді ол.
Содан соң аталмыш додаға арнайы келген облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Мәлік Әбілқайыров Хатима Дайырқызының ұрпақтарына Атырау облысының «Ардақты ардагері» алтын белгісін табыстап, жүрекжарды лебізін білдірді. Хатима апайдың сіңілісі Алтынай Дайырова сөз алып, турнирді ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, риясыз тілегін арнап, жарысқа қатысушы командаларға Хатима Дайырова туралы жазылған кітап пен ұрпақтар атынан Алғыс хат табыстады. Үлгілі «Аққайын» би тобының кішкентай бүлдіршіндері де би билеп, аудан өнерпаздары ән айтып, салтанатты кештің ажарын айшықтады.
Әйелдер арасындағы аталмыш турнир тартысты өтті. Бірінен-бірі озған командалар жеңісті оңай бермеді. Бір-біріне лайықты қарсылас бола алған турнирде командалар жанкүйерлердің көзайымына айналды. Шын мықтылар ғана олжалы қайтқан турнир көптің көңілінен шықты. Нәтижесінде өз қайсарлықтарымен көзге түскен «Гендер» командасы ІІІ орынға табан тіресе, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы командасы ІІ орынды иеленді, ал Жанбай ауылы командасының асықтары алшысынан түсіп, І орынмен марапатталды. Сонымен қатар тартысты додада ерекше көз түскен ойыншылар да жоқ емес. Атап айтсақ, «Үздік шабуылшы» номинациясымен Надежда Хасанова, «Үздік қорғаушы» номинациясымен Мейрамгүл Масалова және «Үздік жалғаушы» номинациясымен Жанаргүл Хасанова марапатталса, «Үздік ойыншы» номинациясын Шынар Рахметова еншіледі.
-Иә, мұндай спорттық шаралар тек бұқаралық спортты дамытып қана қоймай, гендерлік теңдік саясатының алға жылжуы үшін, әйелдер саяси, экономикалық және қоғамдық өмірге араласу үшін аса маңызды. Демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті бекітуде Қазақстан әйелдерінің рөлі ерекше. Қоғамда нәзікжандылардың орны айрықша, сондықтан да гендерлік теңдіктің жарқын бейнесі көрінуі шарт. Олар отбасының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге өмірлік маңызды салаларда еңбек етеді, мемлекеттік басқару жүйесінің көп бөлігі солардың еншісінде.
Әйел отбасы құндылықтарының мүддесін қорғайды. Нәзікжандылар жанұя мен қызметте де еркін әрі бақытты болғаны қоғам үшін аса маңызды. Салауатты өмір салтын ұстанған, дені сау әрі жан-жақты қыз-келіншектердің қатарын арттыруда аталмыш шаралардың берері мол болмақ,-деді шараны қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Нұрғайша Абежан.
Жайна МӘЛІМҚОЖА