Ләңгі теуіп, ұялы телефон ұтып алды

Аудан бойынша ұйымдастырылған Ауыл күні мәдени жобасын Забурын ауылдық округі қорытындылады.

Аталған шараны ашып, сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы М.Насиханов ауылдың өткен тарихына тоқталып, қазіргі тыныс-тіршілігін де тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Балық шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтап ауыл тұрғыны Ж.Халеловке алғыс хат тапсырды.

Ауыл халқы қаумалай жиылған мәдени-көпшілік шарада киіз үй құрылып, жәрмеңке ұйымдастырылды. Киіз үйде ауыл жетістіктері жайында материалдар, ауыл шеберлері дайындаған қолөнер бұйымдары, осы топырақтан шығып,елге танылған азаматтардың фото, кітаптары қойылған. Ал, жәрмеңкеде тұрғындарға ауыл ауылшаруашылығы өнімдері ұсынылды. Ауылдың кешегісі мен бүгіні, қазіргі жетістігі жөнінде хабарлама жасаған ауыл әкімі Асылан Ғұбаш өңірдің өркендеуі жолында еңбек сіңіріп жүрген бір топ азаматқа алғыс хат табыстады. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы, білім беру, өнер, кәсіпкерлік, спорт саласында тер төгіп жүрген М.Ғалиханұлы, Б.Қамидоллаұлы, Р.Кенжеғалиұлы, А.Жұмақұлұлы, Н.Чапайұлы мен Б.Абдусамади сынды ауыл белсенділері бар. Осы марапатқа ие болған Бекболат Қамидолла-ұлының ауыл спортының жанашыры ретінде көрсетіп жүрген қамқорлығын да ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ А.Әжімұратұлы «Үздік құрылысшы», А.Амиров «Үздік демеуші», Н.Шоқайұлы «Үздік түйеші», Ш.Дүйсенова «Үздік өнерпаз» аталымымен марапатталды. Жақында ғана төселген тақтайдай тегіс жолда ұйымдастырылған веложарыс пен, ләңгі тебуден өткен сайыста ауыл жастары белсенділік танытты. Атап айтар болсақ, веложарыстан Д.Идеятов бірінші орын иеленсе, мәлік тебуден жеңімпаз атанған Ғ.Үмбетқалиев ұялы телефонға ие болды. Ауыл өнерпаздары ұсынған сазды бағдарлама көпшілік көңілінен шықты. Онда туған жер, Отан, басқа да тақырыптардағы әндер шырқалып, күй шертілді. Ал, «Әжелер» ансамблінің күннің желіне қарамастан, жанды дауыста әуелеткен қос әніне де тыңдарман ықыласы ерекше болды. Шара соңында ауыл ардагері Б.Ғұбашев ізгі тілегін арнаса, батагөй қария, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Уахитов жиылған көпшілікке батасын берді.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521