Украиналық белгілі кәсіпқой боксшы Василий Ломаченконы жеңіп, жеңіл салмақта абсолют чемпион атанған американдық Теофимо Лопес қарымта жекпе-жекке келісім бермейтінін айтты.
Бұл туралы «Sport.ru/БОКС» хабарлады.
"Реванш неге керек? Мен оны сабадым және ол үшін бәрін жасадым. Қарымта кездесу өткізсек те бәрібір осы жағдай кері қайталанар еді. Түсінесіздер ме, келісімшартта реванш өткізу пункті қарастырылмаған. Енді бұл жайлы тек мен ғана сөйлей аламын.
Маған келісімшартты ұсынғанда егер жеңіліс табатын болсам, осы жекпе-жектен басқа ештеңе ала алмайтынымды айтты. Мені олар жеңіледіге санады. Енді солар айтқандай-ақ болсын. Мен тоқтап қалмай, әрі қарай қадам жасауым керек" дейді әлемдегі ең жас абсолют чемпион жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында.
Естеріңізге сала кетейік, 18 қазан күні АҚШ-та кәсіпқой бокстан тарихи жекпе-жек өтті. Бес белбеу мен абсолют чемпиондық атақ сарапқа салынған бокс кешіндегі текетірес 12 раундқа созылды. Нәтижесінде төрешілер бір ауыздан жеңісті Теофимо Лопеске берді.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Сурет: ашық дереккөзден