Мәскеу қаласындағы «Лужники» стадионында Әлем чемпионаты аясындағы "F" тобында Германия мен Мексика құрамалары кездесті.
Германия 1930 және 1950 жылдардағы әлем біріншіліктеріне ғана қатыспаған болатын. Қалғанының барлығында сынға түсіп келеді. 1954 жылы чемпион атағына қол жеткізген олар, одан кейін 1974, 1990 және 2014 жылдарда кубокті төбесіне көтерді. Кейінгі 12 жылдан бері Йоахим Лёв бас бапкерлік қызметті атқарып келеді. Оған қоса ұлттық құрама ойыншылары да ұзақ жылдан бері бірге доп теуіп, бір-бірінің сырына әбден қаныққан. Мексика мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Бұған дейін 15 мәрте әлем біріншілігінің финалдық кезеңінде сынға түскен мексикалықтар 1934, 1974 және 1982 жылы іріктеу кезеңінде сүрінсе, 1990 жылы шеттетілді. 1938 жылы бұл жарысқа қатысудан бас тартты. Олар 1994-2014 жылдар аралығында топтық кезеңнен іркілмей өтіп, жарыстың 1/8 финалында қарсыластарына есе жіберіп келді.
Мексика құрамасының шабуылшысы Хавьер Эрнандес өздерінің биылғы доп додасындағы басты мақсатын «Біз ширек финалға дейін жетуді алдымызға мақсат етіп қоймаймыз. Одан да жоғары табыстарға қол жеткізуді қалаймыз» деді. Сол Хавьер Эрнандес сөзінде тұрды.
Матчтың бірінші кезеңінде өз командасын өрге сүйреуге бар күшін салды. Ойынның 35-минутында неміс қақпашысы Мануэль Нойермен бетпе-бет шығып, қақпадан саңылау тапты. Есеп - 1:0. Мексикалықтар алға шықты. Ойынның келесі кезеңінде немістер таразы басын теңестіруге бар күшін салды. Қарсыластар қақпасы алдында қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Дегенмен ,олардың ешқайсысы діттеген нысанасына жеткен жоқ. Ойын 1:0 есебімен Мексиканың пайдасына аяқталды.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ