МҰЗ ҮСТІНДЕГІ МЫҚТЫЛАР

           Шайбалы хоккей – тек мықтылардың мықтысын сынайтын командалық ойын. Бұл спорт түрі ауыл тұрғындарының, спорт жанашырларының және жастардың басын қосатын ерекше шараға айналып келеді. Мұны балалар мен жастардың мұз айдынға асығуынан байқауға да болғандай. Олар коньки теуіп, мәнерлеп сырғанап, бүлдіршіндер шанамен ойнап, қыстың тамаша сәттерін қызықтауда.

Өткен жексенбіде  «Қаратүбек» мөлтек ауданындағы мұз айдынында шайбалы хоккейден ерлер арасында жолдастық кездесу өткізілді. Аталмыш жарысқа жергілікті «Тұщықұдық», «Аққыстау» командаларымен бірге Атырау қаласынан арнайы келген «Еркінқала» командасы қатысты.

Екі күнге созылған жарыста хоккейге деген махаббат пен командалық рух сезілді. Ойын барысында жасы зейнеткерлікке жеткен ардагерлерден бастап, қырықтың қырқасынан асқан спортшылар да әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жастарға үлгі болды. Жарыс қорытындысы бойынша «Тұщықұдық» пен «Аққыстау» командалары екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Ал «Еркінқала» құрамасы қарсыластарына шаң қаптырып, жарыстың жеңімпазы атанды.

Кездесу соңында аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің атынан Атырау қаласынан арнайы келген «Еркінқала» командасына Алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды.Сонымен қатар жеңімпаз атанған құрама команданың ойыншысы Талғат Есқалиев сөз алып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

–       Біздің мақсатымыз  бұл додада жеңу емес, жай ғана артымызда өсіп келе жатқан  жастарымызды қысқы спорт түріне баулу. «Спорт –денсаулық кепілі» дегендей, бұл сайыс түрі де дене ширатады. Сондықтан осындай тамаша ойынның өтуіне мұрындық болған барша ұйымдастырушыларға ризашылығымызды білдіреміз. Ұдайы жүзіміз жарқын болып,  салауатты өмір салтын ұстанайық,-деді ол.

Бұл ойын ауыл өмірін жандандырып қана қоймай, тұрғындар арасында достық пен бірлікті нығайтатыны анық. Осындай шаралар келер ұрпаққа үлгі болып, спорттың тек жарыс қана емес, рухани байланыс құралы екенін де айқындай түседі.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT