Нұрзила әлем біріншілігіне жолдама алды

10-12 наурыз күндері Атырау қаласында 2005-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында белбеу күресінен ҚР чемпионаты өтті.

Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысып, боз кілемде өзара мықтыларды айқындады. Екі күнге созылған ел чемпионаты исатайлықтар үшін нәтижелі болды. Облыс құрамасының сапында +70 келі салмақ дәрежесінде «Барыс» спорт клубының шәкірті Нұрзила Қадыр белдесті.

Жерлесіміз алғашқы қос кездесуінде жамбылдық және алматылық палуандарды айқын басымдылықпен жеңді. Сәл ғана сәттілік жетіспеген Нұрзила чемпионаттың күміс жүлдесін еншілеп, Ресей мемлекетінің Қазан қаласында өтетін Әлем біріншілігіне жолдама алды.

- Бізді алда көршілес елде өтетін әлем біріншілігі күтіп тұр. Онда әр мемлекеттен іріктеліп, суырылып шыққан мықтылардың ғана басы қосылары анық. Сондықтан біз қазірден-ақ дайындықты бастап кеттік. Шәкіртім Нұрзила бұған дейін де республикалық, облыстық жарыстарда мықтылығын мойындатып, нәтижелі өнер көрсетумен келеді. Оған БАҚ қызметкерлері ретінде әрбір жеңісімізді жергілікті басылым бетіне жариялап отыратын сіздер де куәсіздер. Алла сәтін салса, алдағы дүбірлі додадан да олжалы ораламыз деген сенімдемін, - дейді «Барыс» спорт клубы дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Тұрар Ризуанов бізбен сөйлескенде.

Иә, бізде өз кезегімізде алдағы әлем біріншілігінде ел намысын қорғайтын спортшы қарындасымызға жеңіспен оралғайсың демекпіз.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT