Олар – нағыз жеңімпаздар

Мүмкіндігі шектеулі жандар дегенде көз алдымызға алаң көңіл, дәрменсіз, қауқарсыз адамдардың келетіні рас. Алайда, олардың бәрінің бірдей ойлау мүмкіндігі, бойындағы ерік-жігер, өмірге деген талпыныстары шектеулі емес.

Керісінше, кейбірінің жаны жаралы болса да, өміріне өкпелі, тағдырына налалы еместігін көресің. Осындай, денсаулығы кем болғанымен, жан-дүниесі кең, қиындыққа мойымайтын құрыш жігерлі жандарға кезіге қалсақ, мүмкіндігі бола тұра, қоғамға титтей де пайдасы тимей, керісінше, зиян келтіріп жүрген, аяқ-қолы балғадай әпенділер еріксіз еске түседі. Бұған дейін де ағайынды Гүлден, Медет Сұпығалиевтер туралы газетіміз бірнеше рет сүйінші хабарлар жариялаған болатын. Екеуі де мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында қол күресінен талай байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Қазақстан чемпионатының ақтық сынында өнер көрсеткен олар ұлттық құрама сапында Азия біріншілігінде бақ сынап, өз салмақтарында бір қарсыласқа ғана жол беріп, құрлықтың күміс жүлдесін қанжығаға байлап, абыройымызды асырған болатын. Осы бір мерейлі сәттерде олардың «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының қабылдауында болып, қошеметке бөленуі күні кеше ауданның ауылшаруашылығы саласының ардагері Сапи Ахметжановтың өмірден өткеніне 10 жыл толуына орай ардагер ұрпақтарының қолынан сый-сияпатқа ие болулары орынды жасалған құрмет еді. Параспортшылардың қазіргі жай-күйімен кеңінен танысу мақсатында жақында Медет бауырымыздың үйіне бас сұқтық.

СПОРТ – СЕРІКТЕРІ

Гүлден – 41 жаста. Ол Тұщықұдық ауылында ата-анасымен бірге тұрады екен. Ал Медеттің жасы 35-те. Отбасылы. Бір ұл, бір қызы бар. – Алла бұйырса, тағы бір перзентті боламыз, - дейді жымиып. Жұмыс бабымен жүрген бізді жатсынбай, құрақ ұшып, құрметпен қарсылаған жұбайы Жұлдыз да жүзі жылы жан екен.

-Толыққанды денім сау болмаса да, бала күнімде құрдастарыммен бірге мектепте білім алып жүрдім. Бір күні жығылып, жанбасымды шығарып алдым. Ата-анамның мені емге апармаған жері жоқ, - дейді өзі жайлы бізге сырын ақтарған Медет. Мектептен аяқтай білім алуға мүмкіндігі болмаған ол одан әрі оқуын үйден жалғастырыпты. – Бұрын ара-тұра темір көтеріп, қол күшімді шынықтырып тұратыным болмаса, қол күресімен тұрақты айналысқаным жоқ еді, - деп бұл спорт түріне қалай келгенін айтқан бауырымыз Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Болатбек Сабиев, осы мекеменің қызметкері, қазіргі жаттықтырушысы Өтеген Тілеповпен араласқалы арместрингпен тұрақты түрде айналысып келе жатқандығын және аз уақыт ішінде жеткен жетістіктеріне сол азаматтардың да үлесі бар деп есептейтінін айтады.

- Спорт арқылы жер көрдім, әртүрлі елдерді араладым. Үлкен-кіші адамдармен араласып, бірімен дос, бірімен бауыр болысып кеттік. Содықтан, бізге спорттың бергені де, берері де көп. -Медет еркін жүріп-тұруы қиын болса да жарыс алдындағы жаттығулардан қалмай, барын салып дайындалады, - дейді бапкері Өтеген Тілепов. Әркез бабында жүруі үшін оған тұрақты түрде қазіргі жалдамалы пәтерінен әрірек орналасқан денешынықтыру және спорт кешеніне барып тұруға тура келеді. Арбамен бара салатын теп-тегіс жол қайда? Бір жүрелеп, бір демалып бара жатқанын көрген кейбір көршілері не таныстарының спорт кешеніне дейін көліктерімен жеткізіп тастайтыны болмаса, көбіне-көп жаттығуға өзі баратынын айтады ол. – Оған ешқандай да өкпе-ренішім жоқ. Сау болсын, көршілерім көріп қалса, жолда қалдырмайды. Былайғы уақыттарда әлім келгенше өзім жүре беремін. Ешкімге міндет артқым келмейді. Тек бір қиыны - жауынды күз айлары мен қыс мезгілдерінде жүру ғана. Ондай кездерде аяғымнан ызғар өтіп, ауырып қалатын кездерім көп болады, - дейді байсалды қалыпта.

«ЕРІН СЫЙЛАҒАН ЕСІКТЕ ҚАЛМАЙДЫ»

Параспортшының бойындағы ерік-жігері мен талпынысы таңқалдырмай қоймайды. Аз ғана қиындыққа бола тағдырын кінәлап, Тәңірін тілдеп жататындарға үлкен сабақ бар оның бойында. – Меніңше, өмірдің өзі күрес сықылды. Қиындыққа жасымай, қарсы тұра білген адамдарды ғана жеңімпаз деп білемін. Тағдыры артқан салмаққа мойымайтын сабырлы адам болу - ең қиын дүние. Сондай сәттерде сыр беріп, өмірден түңіліп жататындар жиі кездеседі. Оларға «сүрінсең, қайта тұрып күресуге мүмкіндігің бар, тек, жығылсаң да қайта тұра алатыныңа сен!» дегім келеді, - дейді кейіпкеріміз өз өміріне шынайы разы кейіпте.

- Әрине, денсаулығыңның кем болуы қайдан оңай болсын? Он екі мүшең сау болғанға не жетсін? Бірақ, бұл да бір Алланың сынағы ғой. Бұған да шүкір деймін. Баратын жеріме барып, келіп жатырмын. Өмірде орнынан көтеріле алмай, бір қадам жерге баруы арман болып, арбаға таңылып жатқан адамдар қаншама? Оның қасында мен шүкірмін ғой, - дейді ағынан жарылған ол. -Бір жағынан менің жағдайымды жасап, бабымды тауып отырған жарымның да еңбегі көп, - деп жұбайы Жұлдызға да ілтипатын байқатты. -Біз, жолдасым екеуміз, бір-бірімізді жақсы түсінеміз, жақсы сыйластықтамыз, - дейді Жұлдыз да. - Қамқорлыққа келер болсақ, жолдасыма қолымнан келген бар көмегімді аямаймын. Уақытмен тамағы дайын, керекті заттарын әкеліп беремін. Ерлі-зайыпты адамдардың арасында сыйластық әрқашан жақсы болуы керек қой, - деген жас келіншек ерінің қажетіне жарап, қиын кезде қасынан табылуды үлкен абырой санайды. Жұлдыздың бұл пікірінен кейін басында өмірді оңай санап, кейін азғантай ғана жолыққан қиындықтарға бола жарын жолда қалдырып жататындар ойыңа оралады екен. Қайтесің, адамдар алуан, тағдырлар түрлі ғой...

БАСТЫ МӘСЕЛЕСІ – БАСПАНАЛЫ БОЛУ

Елбасымыз Н.Назарбаев «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз. Бүкіл әлем осымен айналысады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады. Біздің барлық әлеуметтік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қолға алғандары жөн. Егер қажет болған жағдайда Үкімет бұл мәселені барлық компаниялармен бірлесе пысықтап, тиісті шешім қабылдауы керек» деп атап көрсеткен болатын.

Мүмкіндіктері шектеулі болса да ауданымыздың намысын арқалап жүрген Медет пен Гүлденнің жанына медет болып, оларды толғандырған мәселелерді шешу бағытында қандай жұмыстар жүріп жатқандығын білу мақсатында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақтолқын Ахметжановамен жолықтық.

-Дәл қазір пәтер жалдап тұрып жатқан Медеттің басты проблемасы – бас-пана, - дейді ол. - Күні бүгін ол тұрғын үй кезегінде тұр. Алдағы уақытта аудан орталығынан салынуы жоспарланып отырған үйлер бой көтерсе, пәтер беріліп те қалар. Бірақ, бұл мәселенің түбегейлі шешілу жолы деп ойламаймын. Өйткені, ол үйдің ай сайынғы төленетін пәтерақысы бар. Ал, бір жәрдемақыға қарап отырған адамға ол оңайға соқпайды. Сондықтан, мүмкіндік туып жатса, басқа да заңды жолдарын қарастырып көру керек. Бәлкім, елдің бір топ ауқатты азаматтары болып күш біріктірер болсақ, бір баспананың мәселесі шешіліп те қалар. Бірақ, бұл әзірге жоспар ғана, - дейді Ақтолқын Ахметжанова. Ал, мүгедектер таксиі жайында тиісті мекемелерден сұрастырғанымызда, ауданда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы қызмет көрсететін бөлімшелер болмағандықтан, мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттілігі үшін арнайы көлік - инватаксиге сұраныс берілмегендігі белгілі болды. Алдағы уақытта аталған таксиді сатып алуға және оның бюджеттен қаржы бөлінуіне байланысты мәселе қарастырылатындығын білдік.

АЛДА – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ

Ағайынды параспортшыларға басқа қандай қолдаулар болатындығын білу ниетінде облыстық мүгедектер спорт клубының жақында тағайындалған директоры Аманбай Қыздарбаевпен де телефон арқылы тілдесіп көрдік. – Исатай ауданынан басқа өңірлердің барлығында да мүгедек спортшылармен айналысатын нұсқаушылар бар. Жақында Исатай ауданына да бір маман бөлінбекші. Ол параспортшылардың жағдайымен, жарысқа дайындау, басқа да шаруаларымен тұрақты айналысады. Сол арқылы түрлі ұсыныстар қабылданып, жұмыстар жасалады, - дейді ол. Сондай-ақ қос спортшыны жақында Түркияда өтетін әлем чемпионатына қосуға ұсыныс жіберілгендігін, бұйырса ағайындылардың бұл байрақты бәсекеге қатысуларына мүмкіндік қарастырылып жатқандығын айтты. Ал, аудандық спорт бөлімінің басшысы Қуаныш Ибрагимов Медет пен Гүлденді халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ұсыну жайындағы құжаттардың жасақталып, тиісті орындарға жіберілгендігін жеткізді. Бұл - жақын арада тағы бір жағымды жаңалықтың куәсі боламыз деген сөз.

Біздің қолымызға қалам алдырған жайт осындай азаматтарымызға қолдан келгенше қамқорлық танытсақ, қолдасақ, олармен әркез бірге екендігімізді сездірсек деген ой еді. Айта берсек, себеп те, сылтау да табылар. Алайда, жұдырық болып жұмылсақ, баспана да, басқа да мәселелерді шешу қиынға соқпас. Бастысы, ниетіміз оң болса екен. Айтпақшы, жақында Түркия елінде өткелі отырған әлем чемпионатында бақ сынайтын Гүлден мен Медетке сәттілік тілейміз. Бұл жарыс та ағайынды параспортшыларға қиынға соға қоймас. Өйткені олар тағдырдың қиындығына төтеп берген нағыз жеңімпаздар ғой.

Серікбол Панабердиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521