Токио Олимпиадасынан кейін кімге, қандай шара қолданылады?
Бұл туралы спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев мәлімдеді деп хабарлайды inbusiness.kz. сайты.
Биылғы жазғы Олимпиада ойындары қазақстандықтар үшін аса қызықты болмай тұр. Спортшыларымыздың қай спорт түрінен де қоғадай жапырылып, бірінен соң бірі ұтылып жатқаны енді кімге ұнасын? Жанкүйерлер бұған жаттықтырушылар жауапты десе, кейбірі спортшылар сылбыр дегенді алға тартуда.
Байқағанымыз, шамасы, спорт бәсекесінен кейін жаттықтырушылардың жағдайы жақсы болмайтын сыңайлы. Бұны спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиевтің отандық тілшілерге берген сұхбатынан білдік.
«Біз әр ойыннан кейін министрлікпен, федерациялармен және Ұлттық Олимпиада комитетімен бірлесіп, сараптама жасаймыз. Қате-кемшілікті анықтап, нақты шешім қабылдаймыз. Жаттықтырушыларға Олимпиададан соң шара қолданамыз», – депті ол.
Шынында кім кінәлі, өзі?
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ
Сурет - ашық дереккөзден.