Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты Аққыстау орта мектебінде ұстаздар арасында волейболдан өмірден өткен исатайлық қос интернационал жауынгер Жұмат Әбуов пен Әлімғали Мұқановқа арналған еске алу турнирі ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында қатысушы жеті команда ортаға шақырылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалды. Одан соң сөз алған ақпараттық талдау орталығының аудан бойынша маманы Ерболат Насимуллин, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айбатыр Бекішұлы, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі басшысының орынбасары Бақытжан Төлегенов, аудандық «Ауған әскерлері» Одағының төрағасы Галихан Шамаровтар жарысты ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Екі топқа бөлініп, сынға түскен командалар жарыс көркін қыздыра түсті. Аққыстау, Өркен, Абай атындағы және Х.Нәубетов атындағы орта мектептерден құралған «а» тобы кіл мықтылардың басын біріктіріпті. Олардың ішінде Абай атындағы және Х.Нәубетов атындағы орта мектептер ұпай бойынша суырылып алға шықты. Ал, Новобогат орта мектебі, Ж.Мырзағалиев атындағы, сондай-ақ, Исатай орта мектептері топтасқан «б» тобынан оза шапқан тұщықұдықтық ұстаздар мен исатайлық команда жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда да жоғары өнер көрсеткен жанбайлықтар мен тұщықұдықтық мұғалімдер құрамасы ақтық сында кіл мықтыны анықтады. Қорытындыда Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп командасы жарыс жеңімпазы атанып, 20 мың теңгені қанжығалады. Ал, ақтық сында ғана сүрінген Х.Нәубетов атындағы орта мектеп құрамасы екінші орын мен оған тігілген 15 мың теңге қаржылай сыйлыққа қол жеткізді.
Жеңіске деген жігерімен көзге түсіп, көрермен көзайымына айналған Исатай орта мектебі және Абай атындағы орта мектеп командалары үшінші орынды өзара сарапқа салған болатын. Бұл жолы да белсенділік танытқан Абай атындағы орта мектеп құрамасы қарсыластарын қапы қалдырып, үздік үштікті қорытындылап, 10 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жарыста жеке-дара көзге түскен ойыншылар да мараптсыз қалған жоқ. Атап айтар болсақ, Жәңгір Ғаламат (Абай атындағы орта мектеп) «Үздік қорғаушы» атанса, Жанғали Жанатолла (Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп) «Үздік жалғаушы», Орынгүл Санатова (Х.Нәубетов атындағы орта мектеп) «Үздік шабуылшы», Қуаныш Зейінғалиев (Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп) «Үздік шабуылшы», Абзал Қуанышев (Аққыстау орта мектебі) «Үздік ойыншы» аталымдарына ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы шақырылған интернационал жауынгерлердің отбасылары мен ауған соғысы ардагерлері сыйлықтар мен арнайы дипломдар және кубок табыстады.
Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ,
суретті түсірген: Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.