Палуандар бір алтын, екі күміс еншіледі

22-23 шілде күндері аралығында Ақтау қаласында самбо күресінен 2006-2007 жылы туған кіші жаөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Бұл чемпионатқа Исатай ауданынан облыстық іріктеуден іркілмей өткен палуандарымыз Олжас Сапарғали, Абзал Айбек және Нұрзила Қадыр қатысты. Бұған дейін де аймақ, республикалық турнирлерде топ жарып жүрген жерлестеріміз бұл жолы да облыс құрамасы сапында жоғары өнер көрсетіп, Олжас 79 келіде және Абзал 46 келі салмақ дәрежесінде чемпионаттың күміс жүлдесін еншілесе, +72 келіде барлық қарсыластарының жауырынын жер иіскеттіріп, мықтылығын мойындатқан Нұрзила Қадыр ҚР чемпионы атанды.

Әр аймақтан сайдың тасындай кіл мықтылар жиналған елдік додада жеңімпаз атану оңай шаруа емес. Оның үстіне білегін сыбап келгендердің бәрі өз өңірінің бірінші нөмірлі спортшылары екені сөзсіз. Чемпионаттың барысы жайында палуан қыздың бапкері Тұрар Ризуановты сөзге тартып көргенбіз.

f

- Чемпионат аясында Нұрзила үш кездесу өткізді. Ол алғашқы қос кездесуінде Қызылорда және Алматы облыстарының палуандарын тізе бүктірді. Ал, ақтық сында Батыс Қазақстан облысының палуанынан айласын асырды. Осылайша шәкіртім ел чемпионы атанды және ол барлық қарсыласын таза жеңді. Шәкіртімнен болашақта еліміздің әнұранын асқақтатып, туын көкте қалықтатар Олимпиада чемпионы шығарына кәміл сенемін. Үздіксіз дайындықтың нәтижесінде біз ол күнге де жетеміз, - дейді су жаңа ҚР чемпионының бапкері Тұрар Ризуанов.

Расында да, болашақта Олимпиада чемпиондарының өз ауданымыздан шығуы да ғажап емес. Бапкердің бағыты анық болса, шәкірттің де сенімі орнығары анық. Оның үстіне, Исатай ауданы талай балуандарды тәрбиелеген құт мекен. Оған дәлел ретінде осы спортшыларымыздың күні-бүгінге дейін бағындырған белестерін тізбектеуге әбден болады. Палуандарымыздың жаттықтырушылары Үмбет Мұсағалиев, Дәулет Қадыржан және Тұрар Ризуанов екенін айта кеткен жөн.

Алда – әлем чемпионаты. Нұрзила ол додадан да олжа салады деп сенеміз.

Жеңіс құтты болсын, жерлестер!

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT