Бүгін аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабеков пара-армрестлингтен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аслан Қайрушевті қабылдады.
Спортшымен еркін форматта әңгіме өрбіткен халық қалаулысы спортты жасынан жанына серік етіп жүрген жерлесіміздің әрбір жетістігі аудан мерейі, ел абыройы екендігін жеткізді.
- Өзіңізге белгілі, спортшылардың басты мақсаты – аянбай еңбек етіп, байрағымызды көкке көтеру. Сіз осы мақсатты жүзеге асыруда бар күш жігеріңізді салып, аудан спортының көшін ілгерілетуде өз үлесіңізді қосып келесіз. Өзіңіздей спортшыларға қарап осы аудан жастары бой түзейді, спортпен айналысқысы келеді. Жетістіктерді көріп сіздер сияқты болуға талпынады. Бұның өзі - үлкен жетістік. Спортшылардың дүбірлі додаларда бағындырған әрбір жетістіктері елдің, қала берді ауданның абыройын асқақтады. Сондықтан мен өз тарапымнан спортшыларды әрдайым қолдауға дайынмын. Алдағы күндерде де спорт саласында жетістіктерге жетіп, аудан ғана емес, облыс, ел мақтанышына айналуыңызға тілекшімін, - деген Асхат Жұмабеков спортшыны ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойымен құттықтап өзінің Алғыс хатын және ақшалай 50 мың теңгенің сертификатын табыстады.
Өз кезегінде Аслан Қайрушев көрсетіліп жатқан қолдау үшін халық қалаулысына ризашылығын білдіріп, алдағы күндерде де байрақты бәсекелерде жеңісті бағындыратынына сендірді.
Аслан Хайрушев күні кеше ғана Румыния мемлекетінің Бухарест қаласында пара-армрестлингтен өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, ел абыройын асырғанын да айта кеткен жөн.
Әділбек СЫРЫМОВ