Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасының қола жүлдесін қанағат тұтты.
Аса ауыр салмақта сынға түскен Қамшыбек Қоңқабаев жартылай финалда американдық Ричард Торреспен кездесіп, техникалық нокаутпен жеңілді.
Жекпе-жекті қарқынды бастаған жерлесіміз алғашқы сәтте белсенді өнер көрсеткендей болған. Онымен төрешілер бірінші раунд бойынша американдық боксшыны жеңімпаз етіп танытты.
Екінші раундта ашық айқасқа барған Қамшыбек қарсыласынан ауыр соққы алып, есеп ашылды.
Соңғы раундта қазақстандық боксшыға жеңіске жету үшін бір ғана амал бар еді. Ол - қарсыласын нокаутқа жіберу. Алайда, бәрі керісінше болды. Қоян-қолтық ұрыс сәтінде Торрестің оң қолы Қамшыбектің тұмсығына дәл тиіп, алған жарақатынан төрешілер жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Осылайша, Қамшыбекке осы Олимпиададан қола ғана бұйырды.