28-29 мамыр күндері Х.Ерғалиев ауылында ауыл жастары арасында кіші аяқ доптан қайырымдылық турнирі өтті.
«Қамысқала» мешіті жанынан құрылған «Иман жастары» еріктілер тобының ұйымдастыруымен өткен турнирге барлығы 13 команда қатысып, өзара үздіктерді анықтады. Екі күнге созылған тартысты турнирдің нәтижесінде бағы мен бабы қатар шапқан «2003 жылғылар» командасы жарыстың жеңімпазы атанса, 1996 жылы туған ауыл жастарынан құралған «Торпедо-1996» командасы екінші, «2001 жылғылар» командасы үшінші орынға тұрақтады.
Сондай-ақ турнир аясында жекелей аталымдар бойынша да үздіктер анықталды. Атап айтқанда,«Үздік қақпашы» аталымына «Торпедо-1996» командасының ойыншысы Ербол Әнуарбекұлы лайықты деп танылса, шабуылдарды лайықты қайтара білген «2003 жылғылар» командасының ойыншысы Диас Мақсотов «Үздік қорғаушы», қақпаға бірнеше соққыны дәлдеп көздеген «1998 жылғылар» командасының ойыншысы Шынболат Тайыпов «Үздік сұрмерген» және үздік ойын өрнегін көрсеткен «2001 жылғылар» командасының ойыншысы Мирас Мақсотов «Үздік ойыншы» атанды.
Жарыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаз бен жүлдегер командаларға және жекелей аталымға лайықты деп танылған ойыншыларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлыққа спорттық құрал-жабдықтар табысталды.
- Ауылымызда кіші аяқ доптан қайырымдылық турнирі осымен үшінші рет қолға алынып отыр. Осыған дейін де біз бұндай турнирді екі мәрте өткізгенбіз. Осы турнирдің нәтижесінде, қорға 260 мың қаражат жиналып, ауылымыздағы әлеуеті аз қамтылған 17 отбасыға азық-түлік таратылып берілді. Осы орайда, турнир өткен мектеп алаңына жөндеу жұмыстарын жүргізген және жүлде қорына демеушілік танытқан Оңғарбай Жұбатқалиев, Аманбай Хаберов, Алтынбек Оңайбаев секілді ауылымыздың аға буын өкілдеріне және турнирге белсене қатысқан барша қатысушы командаларға, ауыл жастарына ұйымдастырушылар атынан ризашылығымызды білдіреміз. Сондай-ақ кезекті қайырымдылық турнирін 12 маусым күні волейболдан өткізуді жоспарлап отырғанымызды да айта кеткім келеді, - дейді «Иман жастары» еріктілер тобының мүшесі Азамат Қалиев.
Иә, бір үйдің баласындай бірлікте ғұмыр кешіп жатқан қамысқалалық «Иман жастары» еріктілер тобының бұл сауапты істері өз кезегінде өзге де жастарға өнеге болары анық. Бірлігі жарасқан берекелі ауылдың қайырымдылықты жандарына серік еткен жастары алдағы уақытта да талай игі істерді жүзеге асырмақ ниетте.
Әділбек СЫРЫМОВ