Қамысқаладан да чемпиондар шыға бастады

Исатай ауданының спорты сөз бола қалса, жауырыны жер иіскемеген палуандарымыз ойға оралады.

Оның да себебі түсінікті. Тәуелсіздікке қолымыз жеткен 30 жылдан астам уақыт ішінде ауданда басқа спорт түрлеріне қарағанда, күрес қарқынды дамыды. Спорттың бұл түрінен көптеген даңқты палуандар шықты. Олар өз уақытында ұлттық құрама сапында құрлық және әлем чемпионаттарында ел намысын абыроймен қорғады.

Алғашында аудан орталығында ғана қанат жайған күрес түрлері кейін ауылдық округтерде де ашылып, палуандар жоғары нәтижелерге қол жеткізе бастады. Бұған соңғы үш жылдың көлемінде Х.Ерғалиев ауылындағы күрес үйірмесі шәкірттерінің жетістіктері дәлел бола алады. Алғашқы жылдары күрестен шәкірттерді тәрбиелеген Исатай БЖСМ дзюдо бөлімінің жаттықтырушылары Берік Хамзин (2004-2008 жж), Қазбек Науанов (2008-2010 жж) болса, бүгінде бұл істі Исатай БЖСМ қазақ күресінен аға жаттықтырушы Үмбет Мұсағалиев пен дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Дәулет Қадыржан жалғап келеді. Спортшылар күні қарсаңында қамысқалалық палуандарды дайындауда тынымсыз еңбек етіп жүрген Үмбет Мұсағалиевпен тілдесудің сәті түскен болатын. Білгеніміздей, ауыл балалары алғашқы жылдары Новобогат орта мектебі ғимаратында жаттықса, бертін келе жаттығуды орталықтағы Ғ.Мәсалімов атындағы орта мектеп базасында жалғастырған. Ал, 2019 жылдан бастап, ауылдық мәдениет үйіне көшіп, спортшылар әлі күнге осы ғимараттың бір бөлмесінде жаттығып келеді. Иә, расымен, жаттығатын орын аядай ғана. Десек те, бұл ауылдан да байрақты бәсекелердің жеңімпаздары шығып жатыр.

- Ауылда екі жаттықтырушы жұмыс жасаймыз. Мен балаларды қазақша күреске баулысам, әріптесім Дәулет Қадыржан дзюдо күресінен жаттықтырады. Бір өзімде 40-қа жуық шәкірт тәрбиеленіп жатыр. Қазір жазғы демалыс болған соң, жаттығуға ынта білдіретін балалардың саны артып та тұрады. Оларға «орын жоқ, сыймайсың» деп те талабын қайтара алмаймын. Сондықтан оларды 3 топқа бөліп дайындаймын. Спортшыға жетістіктің оңай келмесі анық. Сол себепті бұл жолда қиындықтардың да болуын түсінуге болады. Дегенмен балаларым еңбегімді еш қылып жатқан жоқ. Шүкір, түрлі дәрежедегі чемпиондарымыз шығып жатыр, - дейді Үмбет Мұсағалиев.

9423bbb9-96fa-402e-aad5-b002b0cebade

Иә, аға жаттықтырушының «түрлі дәрежедегі чемпиондар шығып жатыр» деген сөзінің жаны бар. Оған қамысқалалық палуандардың жеткен жетістіктерін жариялап жүрген біз де куәміз. Мәселен, болашағынан зор үміт күттіретін палуандардың бірі ретінде қамысқалалық Олжас Сапарғалидің есімін ерекше атап өтуге болады. Ол – қазақ күресінен жасөспірімдер арасында ҚР чемпионы, қазақ күресінен «Жас Барыс» және «Тайқазан» республикалық турнирлерінің күміс жүлдегері, облыс құрамасының мүшесі, самбо күресінен ел чемпионатының күміс жүлдегері, дзюдо, самбо және қазақша күрестен ҚР «Спорт шеберіне үміткер». Жас палуанның ең ірі жетістіктерінің бірі - өткен жылы қазақ күресінен Нұр-Сұлтан қаласында 2006-2007 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында өткен ел чемпионатында жеңістің тұғырына көтерілгені болды. Оның бұл жетістігі аудан тұрмақ, облыс бойынша қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасында соңғы алты жыл көлемінде жаңарып тұрған чемпиондық атақ және Олжасты Х.Ерғалиев ауылынан шыққан тұңғыш ел чемпионы етті. Ауылдық мәдениет үйінің бір қуысында жаттығып, ел чемпионы атану үлкен еңбектің жемісі десек, артық айтқандық болмас. Сондай-ақ бұл қатарға өз болашақтарын спортпен байланыстырып, бүгінде дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша жоғары оқу орнында білім алып жатқан самбо күресінен халықаралық турнирдің жүлдегері, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы, қазақ және самбо күресінен ҚР «Спорт шеберіне үміткер» Саят Тұқпатов пен қазақ және белбеу күресінен ел чемпионатының жүлдегері Диас Мақсотовты да жатқызуға әбден болады.

6

Аудан, қала берді облысымыздың абыройын асқақтатып жүрген қамысқалалық палуандардың есімдерін тізбектеген сәтте Томан елді мекенінен қатынап, жаттығып жүрген дзюдо күресінен ҚР чемпионатының қола жүлдегері, самбо күресінен ҚР чемпионатының күміс жүлдегері, облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы Айбек Абзалдың да есімі ойға бірден оралады. Дәулет Қадыржан жаттықтыратын жас палуан негізінен Томан елді мекенінің тумасы. Ол қазіргі таңда Х.Ерғалиев ауылындағы интернатта жатып оқиды, сол ауылда жаттығады.

Шырайлы жүздесуде аға жаттықтырушы балалардың жаттығу уақытынан кешікпеуі және шын көңілмен жаттығуы да маңызды екенін жеткізді

- Әр жаттығу сайын шәкірттеріме қатаң тәртіп болғанның арқасында ғана жетістікке жететіндерін айтып отырамын. Жеңіске жететін адамның бойында ең алдымен осы спортқа деген үлкен қызығушылық пен құлшыныс болуы керек. Әр жаттығуда еңбектеніп, тер төксе ғана шеберлік шыңдалады. Шәкірттерім ойымнан шығып жатыр, түрлі дәрежедегі бәсекелерден топ жарып, спорт шеберлігіне үміткерге дейін көтерілді. Мен үшін бір төбе жетістік. Ендігі арманым олардың болашақта Азия, Әлем біріншіліктерінде топ жарғанын көрсем деймін. Сонымен қатар ауылда арнайы спорттық кешен ашылса, әрине мен үшін және ауылдың жастары үшін де қуанышты жағдай болар еді, - деп түйіндеді ол өз сөзін.

Иә, болашақта бұл ауылдан әлі талай ел мерейін тасытар чемпиондардың көптеп шығарына бізде сенімдіміз.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521