Х.Ерғалиев ауылы жастарынан құралған «Жастар» еріктілер тобының ұйымдастыруымен футзалдан қайырымдылық турнирі өтті.
Көру қабілеті күн санап төмендеп бара жатқан қамысқалалық Құбаш Руфат Рүстемұлының көзін емдетуге қаржылай демеушілік жасап, қамқорлық қылу мақсатында қолға алынған доп додасына ауданның барлық ауылдарынан 12 команда қатысты.
Аудандық спорт кешенінде ұйымдастыралған шараның ашылу салтанатында Қамысқала аулдық округі әкімінің орынбасары Серік Омашев сөз сөйлеп, қамқорлыққа үн қосып келген командаларға ризашылығын жеткізіп, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Төрт топқа бөлінген командалар өзара сынғы түсіп, олардан іріктелген 8 команда ширек финалда өнер көрсетті. Тартысқа толы жартылай финалда «Новобогат» командасы «Өркен» құрамасынан басым түссе, аққыстаулық «Достар» «Қамысқала» командасын жолда қалдырды. Үшінші орын үшін болған бәсекеде «Қамысқала» өркендіктерден айласын асырды. Ал, ақтық сында «Новобогат» аққыстаулық «Достықты» айқын басымдылықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды.
Жалпы бұл жарыста достық жеңді. Тұғырға жеңімпаздар емес, қамқорлық, мейірімділік деген асыл қасиеттерге ие ауданның спортсүйер азаматтарының ынтымақ-бірлігі көтерілді.
Айта кетейік, мектеп оқушыларынан құралған қамысқалалық еріктілер тобының қолға алған бұл шарасына әр команда 10 мың теңге, кейбірі одан да көп қаражат қосты. Салауаттылық пен сауапты істі қатар насихаттаған еріктілер тобына ауыл жастары риза болысты. Ендігі тілек Руфатқа Алла шипа бергей!
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ