Қамысқалалық Олжас ел чемпионы атанды

Жақында Нұрсұлтан қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қазақ күресінен 2006-2007 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Облыстық іріктеуден іркілмей өткен Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы қамысқалалық Олжас Сапарғали осы ел біріншілігінде 70 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті.

Бұған дейін аймақ, республикалық турнирлерде топ жарып жүрген Олжас облыс құрамасы сапында жоғары өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанды.

Әр аймақтан сайдың тасындай кіл мықтылар жиналған елдік додада жеңімпаз атану оңай шаруа емес. Оның үстіне білегін сыбап келгендердің бәрі өз өңірінің бірінші нөмірлі спортшылары екен. Жарыс төңірегінде Олжастың жеке бапкері Исатай БЖСМ-нің қазақ күресі бөлімінің жаттықтырушысы Үмбет Мусағалиевті сөзге тартып көргенбіз.

- Олжастың алғашқы қарсыласы Нұр-Сұлтан қаласының палуаны болды. Бұнда осал спортшы жоқ, дегенмен, елордалық қарсылас тіпті мықты болып шықты. Шәкіртіміздің ащы терін алды біраз. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмай, палуандар белдесуге жүгінді. Одан басым түскен Олжас Павлодар облысының спортшысын таза жеңді. Жартылай финалда Алматы қаласының мықтысын қапы қалдырған ол, ақтық сында Алматы облысының палуанынан айласын асырды. Осылайша палуанымыз ел чемпионы атанды, - дейді Үмбет Мусағалиев.

Бұл аудан тұрмақ, облыс бойынша қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасында соңғы алты жыл көлемінде жаңарып тұрған чемпиондық атақ және Олжас Х.Ерғалиев ауылынан шығып тұрған тұңғыш ел чемпионы. Ауылдық мәдениет үйінің бір қуысында жаттығып, ел чемпионы атану үлкен еңбектің жемісі десек, артық айтқандық болмас.

Алда - азия чемпионаты. Олжас ол додадан да олжа салады деп сенеміз.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521