Қамысқалалық спортшыларға жаттығатын орын керек

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтың Х.Ерғалиев ауылы тұрғындарымен кездесуінде ауылға қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Оның ішінде спорт саласының да олқы тұстары сөз болды. 

Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Азамат Құрманғалиев оқушыларды спорттық ойындарға жаттықтыратын лайықты орынның болмағанынан қиындықтар туып тұрғанын айтты.

- Ауылда екі мектеп бар, бірақ екі мектептің де спорт залына дайындалу мүмкін емес. Біріншіден спорт зал сабақтан босамайды, екіншіден баскетбол, валейбол, футбол ойнауға көлемі  (шаршы метрі) сай келмейді. Тек қана мәдениет үйінде күрес бөлімі бар, оның да пайдаланып отырған бөлмесі шағын. Балалар амалсыз тар бөлмеде жаттығады. Онда тек 30 шақты баладан артық дайындалу мүмкін емес. Ауылда мыңға жуық бала бар. Ауылдағы балалардың санына лайықты етіп, спорт кешені салынса деген ауыл жастарының ұсынысын жеткіздім,-дейді ол.

Ауылға спорт кешенін салу бұған дейінгі бас қосуларда да бірнеше рет айтылған мәселелердің бірі еді. Былтыр Жанбай ауылында спорт кешені ашылып, бәрінен бұрын ауыл жастары мен оқушылар қуанған болатын. Одан бері аз уақыттың ішінде аудан, облыс көлемінде спорттық жарыстар ұйымдастырылып үлгерді. Ал, Тұщықұдық пен Х.Ерғалиев ауылдарының тұрғындары да «жаңа спорт кешені салынса» деген үміттерінен айныған емес.

Азамат Құрманғалиевтің айтуынша, мектептің спорт залы негізінен гимнастикалық зал болып есептеледі. Талапқа сәйкес, ең кіші деген волейбол алаңының өзінде ені 9, ұзындығы 18 метр болуы тиіс. Ал, біздің залдың ені 8, ұзындығы 17 метр шамасында. Сондықтан балаларды кейде Аққыстауға, кейде Атырауға апарып дайындауға мәжбүр екен. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ауыл үшін арнайы қаржы бөлініп, тренажерлер алыныпты. Бірақ ауылда оны құратын орын болмағандықтан, әзірге мәдениет үйінде жиналып тұрған көрінеді.

-Талапқа сай спорт кешені болса, мәселе толығымен шешілер еді, - дейді ол. 

Айта кетейік, Х.Ерғалиев ауылының екі параспортшысы күні кеше Азия чемпионы атанып келді.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521