Бүгін Исатай ауылдық округінің әкімі Асылан Ғұбаш «Барыс» спорт клубы дзюдо бөлімінің шәкірттері Мұхаммед Мұратұлы, Дидархан Ирланұлы, Нұрзила Қадыр және олардың жаттықтырушысы Тұрар Ризуановты қабылдады.
Қабылдауға бұдан бөлек ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Исабай Хидоллаұлы және ауылдық клубтың меңгерушісі Салауат Сахибеденұлы қатысты. Алдымен сөз алған ауыл әкімі байрақты бәсекелерде облысымыздың абыройын асқақтатып жүрген палуандарымызға және олардың шеберлігін шыңдап жүрген жаттықтырушысына ризашылығын білдірді.
- Байрақты бәсекеде жеңіске қол жеткізу оңай емес. Ауылымыздың атын алысқа жетелеп, абыройымызды асқақтап жүрген сіздерге және талантты тани біліп, жас спортшыларымызды жасынан алға жетелеп жүрген «Барыс» спорт клубы дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Тұрар Ризуановқа өзімнің және барша ауылдастардың атынан алғыс білдіргім келеді. Жарысқа қатысу, сайыстан орын алу – тыңғылықты дайындық пен қажырлы еңбектің жемісі. Сіздердің асқан асуларыңыз, шыққан белестеріңізге шын қуаныштымыз. Ел абыройын асқақтатар спортшыларымыз көбейе берсін, - деген ауыл әкімі жас палуандар мен жаттықтырушысына өзінің алғыс хатын табыстады.
Сондай-ақ қабылдауда ауыл әкімі жас палуан Нұрзилаға аудан орталығынан жеткен аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Мұханбеталиевтің алғыс хатын табыстауды да ұмыт қалдырмады.
Өз кезегінде Исабай Хидоллаұлы және Салауат Сахибеденұлы спортшыларға баталарын беріп, айтулы жарыстардан әрдайым жеңіспен оралуларын тілесе, жас палуандар спорттағы жетістіктерін сөз етіп, бұдан да жоғары белестерді бағындыруға ниетті екендіктерін тілге тиек етті. Ал, жаттықтырушы Тұрар Ризуанов алдағы әлем біріншілігіне дайындықтың барысын пысықтады.
Еске сала кетейік, Нұрзила Қадыр күні кеше ғана белбеу күресінен ҚР чемпионатында топ жарып, жуырда Ресей мемлекетінің Қазан қаласында өтетін әлем біріншілігіне жолдама алған болатын.
Әділбек СЫРЫМОВ