«Төртқаралар» төрткүл дүниені таңқалдырды

Ресейдегі доп додасы да өз мәресіне жетті. Болғанынан боладысы, жеңгенінен жеңедісі қызық болған мундиальдің тосын сыйларға толы болғаны көзі қарақты көрерменге белгілі.

Тобынан тосылмай өткен Ресей, плей-оффтан үмітін үзіп отырған Оңтүстік Кореядан жауапсыз екі доп айырмасымен ұтылып, масқара болып еліне ерте қайтқан «Неміс мәшинесі», Белгиядан сүрініп, салы суға кеткен әлем мойындаған Неймарлар, биыл жаңа, жас құраммен келіп, сәтті өнер көрсеткенімен, жартылай финалда жігерлі хорваттарға жеңісті қолдан берген Англия құрама командасы, ең бастысы, жаужүрек Хорватия биылғы әлем біріншілігінің естен кетпес естелігіне айналары анық.

МОНЖУКИЧТІҢ БАСЫ, ПЕРИШИЧТІҢ ҚОЛЫ ҚАРСЫЛАСТАРЫНА ЖЕҢІС СЫЙЛАДЫ

Ақтық сында Модрич, Монжукич бастаған мықтылардың аты озады деді көпшілік жанкүйер. Алайда, француздардың биылғы құрамасы оңай шағылар жаңғақ емес еді. Франция- ны қағаз жүзінде фоворит демесеңіз, Хорватияң да өзінің осал еместігін осы біріншілікте бірнеше рет дәлелдеген. Бірақ, финалдық ойында Хорватия құрамасына сәттілік серік болмады. Биылғы әлем чемпионатында FIFA алғаш рет пенальти, офсайд және тәртіп бұзуды видео қайталау арқылы анықтайтын VAR (video assistant referee) жүйесін қолданылған болатын. Біреудің бағына, келесі біреудің сорына көрінген бұл жаңа жүйе ақтық сында хорватиялықтарға «кесір» болды.

Франция мен Хорватия арасындағы финалда аргентиналық төреші Нестор Пинтана ойын эпизодын VAR арқылы қайталап көрген соң, Хорватия ойыншысы Иван Перишич “қолмен ойнады” деген шешім қабылдап, пенальти белгіледі. Бұл - француздардың қарсылас қақпасына соққан екінші добы. Бірінші доп бұған дейін командаға талай жеңіс голын сыйлаған Монжукичтің басына тиіп енген еді. Осылайша, Монжукичтің басы, Перешичтің қолы қарсыластарына қос гол «тарту етті». Екінші таймда француздардың қарқыны күшейді. Жаппай шабуылға көшеміз деп, қорғанысты ұмыт қалдырған қарсыластарының осал тұсын дәл тапқан олар қарымта шабуылдарды сәтті ұйымдастырып, екі доп соғып, есеп айырмасын ұлғайтты. Қақпашының қателігін мүлт жібермеген Монжукичтің бір добы ғана есепті қысқарта алды. Қорытынды 4:2, Франция - әлем чемпионы! Айтпақшы, биылғы франция құрамасы жанкүйерлер арасында «төртқаралар» деген атпен есте қалды. Бұл атау олардың негізгі құрамындағы төрт қара нәсілді ойыншыны меңзесе керек.

ЧЕМПИОННЫҢ СЫЙАҚЫСЫ - 38 МИЛЛИОН ДОЛЛАР

Франция әлем чемпионы ретінде 38 миллион доллар, ал Хорватия 28 миллион доллар сыйақы алады. Биылғы чемпионаттың қоласын Бельгия (24 млн доллар сыйақы) иеленді. Олар үшінші орын үшін өткен матчта Англияны (22 млн доллар сыйақы) жеңген-ді. Есеп– 2:0. Ресейдегі әлем чемпионатының жүлде қоры 400 миллион доллар болды. Матчтан кейін Франция құрамасының ойыншысы Антуан Гризманн: "Әлем чемпионы атануды әлі толық сезінген жоқпын. Командаластарыммен, бапкерлеріммен, техникалық және медициналық қызметкерлермен мақтанамын. Біз, шынымен, бір командамыз. Біз ғажап бір іс жасадық. Біз тарихқа өз үлесімізді қостық. Енді тойлаймыз. Ертең – Францияда мереке» депті. Ал, Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам финалдан кейін:

"Біздің команда өте жас. 14 футболшы алғаш рет әлем чемпионатында ойнады. Бірақ, олар сапалы ойын көрсетті. Команда әлем чемпионатына жауапкершілікпен қарады. Оларға берілмеңдер деп қайталаумен болдым" деген екен матчтан соң БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Хорватия құрамасының бас бапкері Златко Далич болса кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында:

"Францияны жеңісімен құттықтаймыз. Алғашқы 20 минутта жақсы ойнадық, ойынды бақылауда ұстадық. Ойыншыларымды құттықтаймын. Бұл, бәлкім, осы чемпионатта ойнаған ең үздік матчымыз болған шығар. Франциямен ойында қателік жасауға болмайды. Кішкене өкініш бар, бірақ, осы жетістігімізбен де қуануымыз керек" депті барға қанағат қылып. Ал, бұған дейін Хорватия құрамасының ардагері Игор Штимацтың былай дегені әлеуметтік желілерге таралып кеткен еді:

«Біздің финалда кіммен ойнайтынымызды білетіндер бар ма? Кимпбеле, Манданда және Н,Зонзи – Конгодан, Дембеле - Мавританиядан, Сидибе – Малиден, Юмтити мен Мбаппе – Камеруннан, Погба – Гвинеядан, Менди – Сенегалдан, ал Фекир – алжирлік... Распект». Десе, дегендей енді...

РЕСЕЙ ҚАНДАЙ ПАЙДА ТАПТЫ?

Ресей әлем чемпионатын ұйымдастыру құқығын 2010 жылы жеңіп алған. Содан бері бұл ел әлем біріншілігін ұйымдастыруға барлығы 11 миллиард доллар жұмсады. Бұл қаржының көбі стадион құрылысы мен инфрақұрылымға кеткен көрінеді. Ойын 12 стадионда өтті. Тоғыз стадион әлем чемпионаты қарсаңында салынды. Ал, Ресейдің өзі бұл әлем чемпионатында ширек финалға дейін жеткенін білеміз. Бұл - Ресейдің Кеңес Одағы тарағалы әлем чемпионатындағы ең үздік нәтижесі. Бұны бір деңіз.

Сочидегі Фишт - Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты мен әлем чемпионатының матчын өткізген әлемдегі екінші стадион. Бұған дейін Туриндегі Олимпиадалық стадион әлемдегі ең ірі екі спорт жарысын (1990 жылғы әлем чемпионаты және 2006 жылғы олимпиада ойындары) ұйымдастырған.

Мәліметтерге сүйенсек, «The New York Times» басылымының есебінше, FIFA Ресейдегі әлем чемпионатынан 6,1 миллиард доллар пайда тапқан. Бұл 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатымен салыстырғанда 1,3 миллиард долларға көп. Қаржының көбі телекөрсетілім, билет және демеушілерден түскен көрінеді. Ал, FIFA есебінше, Ресейге әлем чемпионатын тамашалауға бір миллионнан астам турист келген. Ал теледидардан үш миллиардтан астам адам тамашалаған екен. Ендігі 2022 жылы Катарда өтетін әлем чемпионатында 32 команда ойнайды. Катардағы турнир қараша мен желтоқсан айларында өтпек.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521