Ауданымызда кіші аяқдоптан екі ай бойына жалғасып жатқан екі турнирдің бірі мәресіне жетті. Тамыз айының басында ту көтеріп, аудан мен аудан орталығы Аққыстау ауылының төл мерекелеріне арналған аудан кубогі ойынының ақтық сыны өткен аптаның сәрсенбі күні кешкісін Тұщықұдық аулында өткізілді.
Мерекеге арналған бұл спорттық шараларды ұйымдастырушылар аудандық мәдениет, денешынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық Жастар ресурстық орталығы және «Барыс» балалар мен жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубы болатын.
- Биылғы жылы Исатай ауданының 95 жылдығына орай және Аққыстау ауылдық округінің құрылғанына 50 жыл толуына орай аудан көлемінде бірқатар мәдени-спорттық шаралар өтуде. Футболдан Исатай аудандық лигасы және де Исатай аудандық кубогі өтуде кіші аяқ доптан. Осы жарыстар арқылы аудан көлемінде бұқаралық спорттың дамуы қарқынды және де жанкүйерлеріміздің де, аудан көлеміндегі жастардың да спортқа деген легі көбейіп жатыр,- деді «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының директоры Асхат Жұмабеков.
Кіші аяқдоптан аудан кубогі ойынына он алты команда қатысып, турнирдің ақтық сынына Аққыстау ауылы жастарынан құрылған «Даллас» командасы мен Тұщықұдық ауылы жастарының командасы шыққан еді. Қаумалаған көрермені де аз болмаған, тартысты әттеріміне талайды таңдай қақтырған шешуші ойынның қорытындысында басымдық танытқан Тұщықұдық жастары қарсылас қақпасына бір гол соғып, жарыс жеңімпазы атанды.
Жеңімпаз команда жаттықтырушысы Эльдар Сатановтың айтуынша, лигада «Даллас» командасына есесын жіберіп алған тұщықұдықтықтар кубок ойынының бүгінгі ақтық айқасында есе қайырып, жеңіске жетіп жетулі. –Жеңісімізге бүкіл ауыл болып қуанып жатырмыз, командамды құттықтаймын. Жалпы, жаз бойына футбол ойындары ұйымдастырылып келеді. Ауыл жастарының спортқа, соның ішінде футболға деген құштарлығы артып, балалардың ойыны біраз жақсарып қалды. Жастарымыз алға қарай да футболға тартыла түседі деген ойдамын,-дейді ол.
Тартысты өткен додада айшықты ойын көрсеткендерге - аққыстаулық «Даллас» командасының ойыншысы Бекзат Шапиховқа аудандық мәслихат хатшысы Нұрым Мусин, Тұщықұдық командасының ойыншысы Медет Ғұбайдуллинге аудан әкімінің орынбасары Рашид Мұқанов арнайы сыйлықтар тапсырды. Екінші орынды еншілеген «Даллас» командасына жүлделерін аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Абежан табыстаса, аудан әкімі Полымбет Хасанов жеңімпаз Тұщықұдық командасына жеңіс кубогін табыс етті.