ТАБЫСЫ МОЛ ТАЭКВОНДО БӨЛІМІ

«Таэквондо» десе  көпшіліктің ойына «таэквандо тарланы» атанған Мұстафа Өзтүрік оралатыны анық. Шығыс күрестеріне жататын ұрыстық спорттың бір түрі таэквандоны Корей халқының ұлттық спорты ретінде баршамызға мәлім. Таэквондода спортшының аяғы мен қолы жұмыс істейді, мақсаты жарыс ережелеріне сай жеңіске жету болып табылады. Нағыз өз-өзіне сенімді,  әр қадамды ойланып басуға әрі ептілікке  үйрететін ерекше спорт түрінің  аудандағы ахуалы көңіл қуантады. Аудандық «Барыс» балалар жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының  таеквондо бөлімі де өз жұмысын сәтті жүргізуде.

 Шығыс жекпе-жек өнеріне баулитын бөлімде бүгінде 30-ға жуық жас бар. Аталмыш бөлімнің  бағындырған белестері де аз емес. Қандай додаларда асықтары алшысынан түсіп, қоржындары құр қайтпаған. Таяуда ғана өткен республикалық, облыстық турнирлерде шәкірттері оза шауып, ауданда таэквандоның одан әрі жандануына сүбелі үлес қосуда.

 Иә, расында да ұжымдағы өрендердің аяқ алысы қуантады.  Оған Атырау қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде өткен Сұлтан Бейбарыс бабамыздың 800 жылдығына орай таеквондодан (WT) республикалық ашық турнирінің нәтижесі дәлел. Аталмыш ашық турнирге Ресей, Қырғызстан мемлекеттері және еліміздің  әр түкпірінен 700-дей жас спортшы қатысты. Додаға аудандық «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының шәкірттері де қатысып, бақ сынады.  Атап айтсақ, Өркен орта мектебінің оқушылары  Мәдина Құрмет, Жанерке Оралбекқызы мен Гүлсәулем Серікқызы жүлделі ІІ-орынға ие болса, Өркен орта мектебінің оқушысы Кәусар Есенғали мен  Аққыстау орта мектебінің оқушысы Қайсар Қайса ІІІ- орынды еншілеп, аудан абыройын асқақтатты.

–Таэквондожоғары белсенділік пен икемділік жəне жылдам соққыларды қолдануды талап ететін спорт түрі. Шәкірттерімді жаттықтыру барысында  қуат пен жылдамдыққа екпін беремін. Қатысушылар икемділік пен дəлдікке жету үшін жаттығады. Сондықтан бұл спорт түрі өте ерекше, әсіресе балалар да сол үшін үлкен қызығушылықпен қатысады. Сондықтан да түрлі байқауларда жетістіктерге жетіп жүр деп ойлаймын. Республикалық турнир өте тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Қарсыластардың бәрі де жақсы дайындықпен келген өз ісінің шеберлері. Кішкентай шәкірттерімнің тырнақалды жеңістері біз үшін мақтаныш. Шәкірттеріміз тәжірибе алмасып, одан әрі шыңдала түсті. Әрі мұндай байқауларға қатысу одан әрі жігерлендіріп, рух сыйлап, бұдан да биік шыңды бағындыруға қанаттандыратынына сенімім мол,- деді «Барыс» балалар жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының таеквондо бөлімінің жаттықтырушысы Ғалымжан Қалиев.

Бұл сайыспен тоқтап қалмай, желтоқсан айының 16- 17-сі күндері аралығында Атырау қаласында таеквондодан (WT) қалалық және республикалық жарыстардың жеңімпазы Ислам Базаровты  еске алуға арналған балалар арасында облыстық ашық біріншілікте де «Барыс» балалар жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының  таеквондо бөлімінің қатысушылары, Ғалымжан Қалиевтің шәкірттері топ жарды. Аталған жарысқа Атырау қаласы және аудандардан 150-ге жуық спортшы бақ сынаған. Нәтижесінде Өркен орта мектебінің оқушысы Мәдина Құрмет ІІІ-орынға ие болса, Аққыстау орта мектебінің оқушысы Қайсар Қайса мен Өркен орта мектебінің оқушысы Гүлсәулем Серікқызы жүлделі ІІ-орынмен марапатталса, ал Өркен орта мектебінің оқушысы Жанерке Оралбекқызы ақтық мәреде қарсыласын ойсырата ұтып, бірінші орынды еншілеген.

Аудандағы таэквондо дене шынықтырумен айналысып қана қоймай, бəсекеге қабілеттілік рухын дамытады. «Барыс» балалар жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының таеквондо бөлімі шәкірттерінің спортқа деген шынайы сезімдері көздеріндегі лаулаған жалыннан байқалады. Өздеріне деген сенім мен бойдағы рухты сөндірмей, дайындықты одан әрі үдете берсе, әлемді мойындатар спортшы атанарына сеніміміз мол.

 

Жайна МӘЛІМҚОЖА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521