ВОЛЕЙБОЛДАН ЕСКЕ АЛУ ТУРНИРІ ӨТТІ

Атырау облысы оқу- ағарту қызметкерлері кәсіптік одағы Исатай аудандық коммитеті филиалының демеушілігімен, аудан әкімдігінің қолдауымен және Исатай  аудандық білім бөлімі «Барыс» балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының ұйымдастыруымен волейболдан аудан мектеп мұғалімдері арасында ауданда сапалы дене тәрбиесі саясатын әзірлеуде өлшеусіз үлес қосқан өмірден өткен дене тәрбиесі пәні ұстаздарын еске алу турнирі өтті. Өткен жылы бастауын алған туринир биыл да өз жалғасын тапты.

Жанбай спорт кешенінде өткен спорттық додаға Исатай орта мектебі, Өркен орта мектебі, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебі мен Абай атындағы орта мектебі және Жанбай ұстаздары мен Аққыстау орта мектебінен командалар қатысып, бақ сынады. Еске алу турнирі ұстаздардың ұстазы атанған, бар ынтасымен шәкірттер үшін жұмыс жасап, ауданда дене тәрбиесінің өркендеуі үшін қажырлы еңбек еткен Дүйсенбі Хамзин, Қамидолла Шаумұрынов, Сансызбай Мүтиұлы, Асқар Молдабаев, Жандолла Қадиркулов, Айғали Каримов, Асан Нәсіпқали, Қанат Қалбановқа арналды.

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрым Мусин, аудан әкімінің орынбасары Нұрғайша Халидоллақызы, Жанбай ауылдық окугінің әкімі Дидар Есмұханов, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  басшысы Ринат Есқали, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева, Қалидолла Шамұранов ұстаздың алғашқы шәкірті Асқар Қазиев, «Барыс» балалар жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры, аудандық мәслихат депутаты Асхат Жұмабеков және өмірден өткен ұстаздардың туғандары қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына  қатысушылар ұстаздарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң сөз алған аудан әкімі Нұрым Бекежанұлы өңіріміздің білім саласының дамуына өз үлесін қосқан бірқатар ұстаздардың еңбектерін атап өтті.

  • Бұл жарыстың басты мақсаты – бар ғұмырын шәкірттеріне арнаған, өмірден өтсе де, есімін ел жадында сақтап, ауданымызда бұқаралық спортты дамыту. Жастық жолы мен күш қайратын, терең де телегей білімдерін шәкірттеріне арнаған ұстаздардың еңбек жолын кейінгі жас ұрпаққа насихаттау үшін мұндай шаралардың жиірек өтуі аса маңызды. Ауданда волейболға деген қызығушылық жоғары. Жылдан- жылға спорттың бұл түрімен айналысатын жастар да көбейіп келеді. Осындай спорттық шаралар арқылы аудандағы бұқаралық спорты дамытамыз. Жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тілейміз,-деді ол.

Қамидолла Шаумұрынов ұстаздың ең алғашқы шәкірттерінің бірі Асқар Қазиев өзінің естеліктерімен былайша бөлісті.

  • Тұщықұдық ауылындағы Жамбыл атындағы 8 жылдық мектепте білім алған болатынмын. Сол кезде Қамидолла ағайымыз дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып келген еді. Біздің мектебіміздегі ең қадірлі ұстаз болатын. Жас маман болса да, шәкірттеріне берері мол, ұлағатты ұстаз болды. Еңбекқорлығымен алғаш рет сол уақытта жеңіл атлетика үйірмесін ашу арқылы спортқа жаны жақын, бейімі бар оқушылардың басын қосты. Ағайымыздың мұрындық болуымен мен де осы спортқа жаным жақын болып, ұстаздық жолда еңбек етудемін. Артына өшпес із қалдырған, теңіздей терең білімі бар, әрбір оқушының көкірек көзін оятып, спортқа баулыған өмірден өткен ұстаздарды жас ұрпақ ұмытпауы шарт. Сондықтан мұндай турнирлердің маңыздылығы айрықша,-деді С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің дене шынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі, профессор Асқар Қазиев бізбен болған қысқа әңгімесінде.

Ардагер  ұстаздардың ет жақындары да сөз алып, естеліктерімен бөлісіп, турнирді ұйымдастырған ұйымдастырушыларға риясыз ризашылықтарын білдірді. Одан соң тартысты дода да басталып, қатысушылар бір-біріне дес бермей, әдемі ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде жүлделі І-орынды Аққыстау орта мектебі командасы  қанжығаға майласа, ІІ-орынмен Абай атындағы орта мектеп командасы марапатталды, ал ІІІ-орынды Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп командасы еншіледі. Сонымен қатар жарыс барысында ерекше көз түсіп,  Жанбай ұстаздары командасының ойыншысы Заманбек Шманов «Үздік ойыншы» атағына ие болса, Ж. Мырзағалиев атындағы орта мектеп командасының ойыншысы Жанатолла Жанғалиев «Үздік қорғаушы» деп танылды, ал Аққыстау орта мектебінің команда ойыншысы Әділет Пазылғалиев «Үздік жалғаушы» атанса, Абай атындағы орта мектеп комаандасының ойыншысы Равиль Қожасаов «Үздік шабуылшы» атағына лайық деп танылды. Сонымен қатар Ерлан Құрманғалиев «Үздік төменгі төреші» атанса, Қуанғали Зейінғалиев «Үздік жоғарғы төреші» марапатына ие болды. Жүлдегерлерге медальдар мен кубок табысталса, қатысушы командалардың бәріне және үздік ойыншыларға да  қаржылай сыйлықтар ұсынылды. Салауатты өмір салтын насихаттау және ардагер ұстаздардың  белсенді өмірлік ұстанымын жастарға үлгі етіп, атын жаңғырту мақсатында өткен турнир өз мәресіне жетті.

Жайна МӘЛІМҚОЖА 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521