Жаһанды мойындатқан жігіт немесе әлем чемпионымен аз әңгіме

2002 жылдың қоңыр күзі. Аққыстаудың үлкен-кішісі ерекше бір салтанатты жиынның куәсі болды.

Ол аудан мақтанышы, Қазақстанның және Ресейдің спорт шебері, қыркүйек айында Югославия мемлекетінің Белград қаласында самбо күресінен өткен Әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, әлем чемпионы атанған жерлесіміз Мұхаммедрахим Оралбековті ауылдастарының қуана қарсылаған сәті еді. Сол күні бүкіл исатайлықтар өздері алтыннан алқа таққандай алабөтен қуаныш құшағында болғаны қазір де қаз-қалпында ойға оралады.

Иә, Мұхаммедрахимның оған дейін де бағындырған белестері аз емес-ті. Ара-тұра зілтемір көтеріп тұруды дағдысына айналдырған Ғалым әкеге, спортты серік еткен Бұрхандай ағаға еліктеген жеткіншек мектептің екінші сыныбынан бастап спортпен айналысқан. Ал оның осы жолға бел буып шығуы жетінші сыныптан басталғанға ұқсайды. Нәтижесі жаман болмады, болашақ чемпион үлкенді-кішілі біраз белестерден көрінді. Соның ішінде, 1996-2000 жылдары жасөспірімдер арасында қазақша күрес және дзюдодан өткен республика біріншіліктері мен чемпионаттарында жүлделі орындарды иелене жүрген. М.Өтемісұлының 200 жылдығына арналған Кас-пий маңы мемлекеттерінің университеттері студенттерінің ІІ-ші Халықаралық спорттық ойындарының дзюдо күресі бойынша жеңімпазы атанған мұнайшы жігіт жерлестерін қуантып тастағаны тағы бар-ды. Енді, міне, әлемдік додадағы ақырғы шайқасында ресейлік палуанды алып ұрып, алтыннан алқа тақты, Аққыстауына Әлем чемпионы деген айбынды атақты олжалап оралды. Ойлап отырсам, содан бері де он алты жыл өте шығыпты. Осыдан кейін, әйгілі ауылдастарының қазіргі тірлігін білгісі келетіндер жоқ емесін де ескерген біз Аққыстауда туылып, әлемді мойындатқан азаматпен спортшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында бір тілдесуді жөн-ау дестік.

Бүгінде жасы үшінші мүшелге иек артқан Әлем чемпионы салмақты, салиқалы азаматтар санатына қосылған. «Сол баяғы мұнайшылық тірлікті жалғастырып жатырмын. «Жайықмұнайгаз» басқармасының мұнайды дайындау және айдау цехында оператор болып еңбек етемін» деді ол. Әлемді мойындатқан жеңісінен кейін де еліміз бо-йынша жауынгерлік самбодан ересектер арасында өткен сында екінші орыннан көрінген Мұхаммедрахим мұнайшы ағайындар арасындағы спорттық сайыстарға қатысып тұрады екен, бір сөзбен айтқанда, спорттан қол үзіп кетпепті. 2003 жылы отау көтерген чемпионның отбасында төрт перзент өмірге келді. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында лаборант болып қызмет қылатын жары Венера екеуі - Әбілмансұр, Малика, Мұстафа, Медина есімді ұл-қыздарын тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Айтпақшы, облыс орталығындағы Жолдасқали Досмұхамбетов атындағы облыстық лицейдің тоғызыншы сыныбына баратын Әбілмансұры әке жолын қуып, спортты серік етіп жүр. Күні кеше ғана Атырауда өтіп жатқан мектеп және колледж оқушылары арасындағы елдік сында самбо күресінен өз салмақ дәрежесінде жеңімпаз болған оның тамыздың 18-інде Мәскеуде өтетін мектеп оқушылары арасындағы самбодан әлемдік бәсекеге қатысатынын естіп, бәрекелді дестік, сәт тілестік. Ал Маликасы білімге, би өнеріне ден қойып жүрсе, Мұстафасы да спортқа бейім екен.

Жастардың спортты серік етуіне тілеулес азамат мектептер, тіпті, балабақшалар да өзін кездесуге шақырғанда тартынып көрмегенін айтады. Рас, ауысымдық әдіспен жұмыс жасайтын болғандықтан, кейде барудың реті келмей қалып жататын кездер болған. Бірақ, ондай жүздесулерге мүмкіндігінше баруға тырысатыны рас. Ол ауданның спорт саласындағы бүгінгі барша жетістіктерге шын қуанады. Жастардың арасында ауылының атын шығарып, боз кілемдегі талай-талай бәсекелерде намысты қолдан бермей жүрген мықтылардың қатары көбейгеніне сүйсінеді. «Шүкір, қазір спортқа қаржы да, қолдау да барын сезінеміз. Ізімізді басқан інілердің, жеткіншек жастардың шығар биіктері, алар асулары алда деп есептеймін, олардың өз жетістіктерімен көпті қуанта береріне, кейінгілерге үлгі боларына сенімдімін, бәрі бірлікте болсын» дейді Мұхаммедрахим. Ол бізбен қоштаса тұрып ауданның спорт саласында жүргендерді, оларға жанашыр һәм ниеттес барша ауылдастарды Спорт күнімен құттықтап, жақсылықтар тілек етті, еліміздің көркейіп, гүлдене беруіне тілеулестігін білдірді. Біз де әлемді мойындатқан азаматтың ақжарма ниетіне қосылдық.

Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521