Қол күресінен Румыния елінде өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Алмагүл Қанатова әлем чемпионы атанып, Көк байрағымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды әуелетіп, абыройымызды асқақтатты.
Кеше түнде елге оралған чемпионмен әңгімелесудің сәті бүгін ғана түсті. Спортшы, қуанышты. Қуанбай қайтсін, аядай ауылдан шығып, әлем мықтыларын мойындатса?
50 мен 65 жас аралығындағы ардагер спортшылар арасынан топ жарған жерлесіміз ақтық сында ресейлік қарсыласын оңай жеңіпті. – Осыған ризамын. Расын айтсам, бұл сынға аса бір дайындалғаным да шамалы. Оның үстіне арнайы жаттығулардан өткеніміз жоқ, басқа шетелдік спортшылар сияқты түрлі әдіс-тәсіл дегеніңнен де «құр қолмыз». Әйтеуір, Құдай берген қазақы қара күшіміз бар, үйден жасаған оны-мұны дайындығымыз бар, соған салдық қой, - дейді қолкүресші.
Шыны керек, спортшының әлемдік додаға аттанғанынан біз бейхабар екенбіз. «Әттеген-айы» сол, сәттілік тілеп шығарып салу, құрметпен күтіп алу тұрмақ, ауылға келгенін бір-ақ білдік. Тіпті, тиісті бөлім басшыларына сүйінші хабарды өзі жеткізгенін айтады Алмагүл. - Желі арқылы суреттерім мен сүйінші хабарды жеткіздім, келесі күні «жарайсыңдап» жатқан хабарламалар келе бастады, - деген ол қамқорлықтың сөз жүзінде ғана емес, шынайы қолдаумен болғанын қалайтынын байқатты. Мәселен, қаржылық қолдау жағы қиындық туғызғанын білдірген спортшы оң қолмен күш сынасуға ақшасы болмауы себепті қатыса алмағанын жеткізді. Әйтпегенде, өзіне сенімді Алмагүл екінші қолдан да ешкімге дес бермейтінін сезген.
- Жол азабын тарттық біраз. Москваға дейін ұшақпен жеткеніміз болмаса, бері қарай біраз ат-көлік ауыстырдық. Моквадан Астраханға, Астраханнан Құрманғазы ауданына көлікпен жеттік. Одан Зинеден ауылына келе бере мәшине бұзылып, басқа такси шақыруға мәжбүр болдық. Әйтеуір, бір есте қаларлықтай күн болды, - дейді әлемнің су жаңа чемпионы.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ