Қараша айының аяғында Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучинск қаласында қазақ күресінен 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасында еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін «Жас Барыс» республикалық біріншілігі өтті.
Жарыста барлық облыстардан іріктеу сындарынан іркілмей өткен тек 1-інші нөмірлі палуандар өнер көрсетті. Чемпионатта Қазақстанның 14 облысы Астана, Алматы, Шымкент қаласы және жасөспірімдер арасында Қазақстанның ұлттық құрама командасы палуандары өнер көрсетті.
Атырау облысының құрама командасы сапында сынға түскен Исатай БЖСМ-нің шәкірті қамысқалалық Диас Мақсотов (жаттықтырушысы Үмбет Мусағалиев) 46 келі салмақ дәрежесінде белдесті. 5 кездесу өткізген ол жартылай финалда Түркістан облысының палуанына ғана ұпай санымен есе жіберді Диас 3-орын үшін белдесуде Шығыс Қазақстан облысының палуанын айқын басымдылықпен ұтып, қола медальді қанжығалады. Осылайша, облыстан үкілеп қосқан спортшылар ішінен жалғыз Диас қана құрама қоржынына қола медаль салды.
Серікбол Панабердиев