Жеңбейтін спортшы жоқ, бапкерін айт

Бейсенбі күнгі аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен жиында аудан әкімі М.Мурзиев өңір спортының қазіргі ахуалымен танысты. Жиынға төрағалық еткен аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қ.Ибрагимов күн тәртібімен таныстырған соң, былтыр-ғы жылы атқарылған жұмыстар жөнінде хабарлама жасады.

Аудан спортының ахуалы қалай?

Ауданда бұқаралық спорттың даму қарқыны қаншалықты деңгейде? Өткен жылмен салыстырғанда облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлердегі жарысқа қатысушылар санында өсім бар ма? Болмаса оған не кедергі? Кемшін тартып жатқан жұмыстарды жандандыру үшін не істеуіміз керек? Осы және өзге де қойылған сұрақтардың жауабынан білгеніміздей, 2016 жылы 321 оқушы республикалық жарыстарға шықса, былтыр 450 оқушы республикалық, халықаралық жарыстарда бақ сынады. Ал бұқаралық спортқа бейімділік аудан халқының 20 пайызын құрап отыр екен. Бұл туралы баяндаған аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысынан аудан әкімі аталған көрсеткішті мемлекет межесі - 30 пайызға жеткізу жолында қандай қиыншылықтар барын сұрады. Әрине, халықты спортқа баулу үшін алдымен жағдай жасалуы қажет. Бөлім басшысының меңзегені сол. Алда төрт ауылға салынуы көзделіп отырған спорт кешені құрылыстары жүзеге асса, бұның өзі ауыл спортына серпін бере түсетіні сөзсіз.

– Күні бүгін Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Жанбай, Исатай ауылдарына спорт нұсқаушысы мамандығына штаттар ашылды. Олар іс-шара жоспарларын жасап, ауылдарда жарыстар ұйымдастыра алады және спортшыларды аудан орталығындағы жарыстарға алып келуге мүмкіндіктері бар. Жалпы аудандағы денешынықтыру және спорт саласында 2016 жылы 73 адам жұмыс жасаса, 2017 жылы 6 адам жұмысқа алынды, - дейді Қ.Ибрагимов.

Мәселе маманға тіреледі

Ардагер спортшы Е.Насимуллиннің «Ауданымызда кейбір спорт түрлері дами алмауда. Оларды қолға алу үшін қандай жұмыстар жүргізуге болады? Мысалы, ауыр атлетика мен ату, сондай-ақ қыс спортына көңіл бөлінсе» деген пікіріне жауап берген бөлім басшысы Қ.Ибрагимов мәселенің маманға тірелетіндігін айтады.

– Мәселен, ауыр атлетиканың өз маманы болуы тиіс, оның орнына палуанды немесе басқа спорт түрінің жаттықтырушыларын қоя алмайсыз, - дейді ол. Дегенмен, осы секілді спорт түрлерін дамыту мақсатында қосымша штаттар қосылып, мамандар қарастырылып жатқан көрінеді. - Білікті қызметкерлер табылса, олар-ға жағдай жасайтын мүмкіндігіміз бар. Үймен де қамти аламыз, - дейді басшы.

Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Б.Оралбековтің есебінен білгеніміз, аталған мектеп қабырғасында тәлім алып жүрген талантты шәкірттердің қатары көбейген. Байрақты бәсекелерде атой салып, ауданның атын алысқа шығарып жүрген мектеп түлектерінен бөлек әр спорт түрлерінен түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып жүрген шәкірттер саны да артып келеді. Бірақ, әлі де болса ізденістің керектігін айтқан аудан басшысы жас спортшыларды даярлауда біліктіліктің қажеттігіне ерекше тоқталды. Спорт мектебіндегі жаттықтырушылардың ең біліктісі екінші санаттан аспайды екен. Бұның себебін түсіндірген директор бірінші санатты маман болудың талабы оңайға соқпайтындығын айтады.

Спортшыларымыздың бабында болуы үшін, ең алдымен, жаттықтырушылардағы тәжірибе аса маңызды. Ал, баяндамада айтылғандай, соңғы екі жылда аталған мектептің үш маманы ғана біліктіліктерін арттыру курстарынан өткен. Республикалық, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушылар мен төрешілер де бірен-саран. Бұны да сынға алған аудан әкімі М.Мурзиев негізі бар дәстүрді жалғастыру жолында көбірек әрекет ету керектігін қадап айтты. – Бізде абыройымызды көтеріп жүрген спортшылар жоқ емес, ендігі кезекте осындай жастарға жан-жақты бағыт-бағдар беретін жаңашыл бапкерлерді дайындауымыз қажет. Өйткені, басқа спортшылармен, білікті бапкерлермен тәжірибе алмаспай, кем-кетігімізді түзеп, оң нәтижелерге жете алмаймыз, - дейді аудан әкімі.

Былтырғы жылы облыстық жарыс-тардан жүлдегер атанған жас спортшылар саны – 72, ал, республикалық сындарда орын алғандардың қатары 34 болса, халықаралық додалардан 11 оқушы олжалы оралған.

Облыстық спартакиададан олжалымыз

Былтыр ғана құрылған «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының директоры А.Жұмабеков те атқарған жұмыстарымен бөлісті. Әсіресе, жақында ғана Атырау қаласында «Спорт – нашақорлыққа қарсы» ұранымен өткен оқушылардың жазғы спартакиадасындағы жетістік көңіл қуантты.

Спорттың 21 түрінен облыс бойынша 2096 оқушыны жинаған бұл сынға ауданымыздан 262 оқушы қатыстырылды. Екі жылда бір өтетін жарыстың дәрежесі жоғары болғандықтан, командалық тұрғыда жүлдегерлер қатарынан көріну оңайға соқпады. Исатай ауданы араға 10 жылдан аса уақыт салып командалық есепте III орынды иеленді. Құрманғазы ауданы мен Атырау қаласы құрамасын алға жіберіп, 92 ұпаймен 3 орыннан көріндік, - дейді А.Жұмабеков. Оның айтуынша, жеңімпаздар сәуір-мамыр айларында Қазақстанның әр облысында өтетін жарыстың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.

Жиын барысында «Спорт - нашақорлыққа қарсы» ұранымен мектеп және колледж оқушылары арасындағы IX жазғы облыстық спартакиадасында ауданымыздың жоғары нәтижеге қол жеткізуіне үлес қосқаны үшін Р.Бақтығалиұлы, А.Патриотұлы, Э.Сансызбайұлы, Е.Құрманғалиұлы, Т.Қожасұлы, Ә.Серікқалиұлы, М.Нұрғуатұлы сынды жаттықтырушыларға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Ал, «Барыс» балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубының директоры А.Жұмабеков Қазақстан Республикасы Білім жане ғылым министрлігі ұлттық ғылыми практикалық дене тарбиесі орталығының «Денешынықтыру саласынын үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталды. Басқосуды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Н.Әбежан айтылған сын-ескертпелерден нәтиже шығарып, бірлесіп іс қылу қажеттігін, жоғарыда айтылғандай, жас спортшыларды жаттықтыруда білікті мамандар дайындауды алдыңғы кезекке қою керектігін ескертті.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521