Жеңіске бергісіз жүлде

Наурыз айының 2-6 күндері аралығында Ақтөбе қаласында баскетболдан облыстық ашық біріншілік өтті.

2007-2009 және 2010-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында қолға алынған спорттық шараға еліміздің Көкшетау, Степногорск, Құлсары қалалары және Қызылорда облысының Қазалы ауданы мен Ақтөбе облысының бірнеше командалары қатысқан біріншілікте Исатай БЖСМ баскетбол бөлімінің қыздар құрамасы бақ сынады.

Бұл додада жерлестеріміздің бәсі биік болды десек те болады. Олар алғашқы кездесуінде Қазалының командасын 34-2, екінші кездесуде Ақтөбе қаласының №9 орта мектебі командасын 22-3 есебімен айқын басымдылықпен жеңсе, одан кейін Хромтау командасын 15-9 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алды. Жартылай финалда Құлсары командасымен кездескен жерлестеріміз қарсыластарымыздың есеп ашуына да мүмкіндік берместен ойынды 20-0 есебімен аяқтады. Тек финалдық ойында ғана Ақтөбе қаласының командасына есе жіберіп, облыстық ашық біріншілікте жүлделі ІІ орынды еншіледі.

- Финалдық ойын да тартысты болды. Қарсылас команданы осал деуге болмайды. Дегенмен, шәкірттеріміз ақтық кездесуде де барын салып бақты. Көп команданың ішінен суырылып шығып, финалға дейін өтудің өзі үлкен жетістік. Оның үстіне қыздарымыз финалға дейінгі 4 кездесуе де айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Бұндай көрсеткіш ойын барысында өзге командаларға бұйырмады. Сондықтан біздің алар асуымыз, бағындырар белестеріміз әлі алда деп білемін, - дейді аудандық БЖСМ баскетбол бөлімінің жаттықтырушысы Алмара Манарбекова бізбен сөйлескенде.

Әділбек СЫРЫМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT