Жігіттермен күш сынасқан ару

Жуырда Арыс қаласында ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті.

Қалалық ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурс­тық орталығы» КММ жарысты қала күні мерекесіне орай ұйымдастырыпты.

Бүгінде бұл жарыс туралы әңгіме көп. Негізі жастар арасындағы доданы тамашалаған жұрт Ақнұр есімді арудың әрекетіне тәнті. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптеліп, саламатты өмір салты насихаттал­ған шарада арыстықтармен бірге Шымкент қаласы, Қазығұрт және Ордабасы ауданының жастары қатысып, арқан тарту, қол күрес, қошқар көтеру, гір тасын көтеруден бақ сынасқан.

Жиналған жұртты қызықтыр­ғаны «Қошқар көтеру» сайысы болды. Қатысушылар арасында өзінің мықтылығын дәлелдеп, салмағы 43 кило болатын қошқарды 1 111 рет көтерген Азамат Мақұл­беков бас жүл­дені иеленді. Ал қош­қар­ды 160 рет көтерген Мәжит Архат екін­ші орынға, 150 рет кө­тер­­ген Данияр Айтбек үшін­ші орынға ие болды. Жарыс жеңім­пазы Азамат Мақұлбековке өзі көтерген қошқар берілсе, қалған жүлдегерлер мен қатысушыларға ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтары табыс етілді.

Ерлерден соң қошқар көтеру кезегін алған арыстық Ақнұр есім­ді ару тіпті бірқатар жігітті шаң қап­тырып, қошқарды 64 рет көтерді. Көпшілікті таңғалдырған Ақнұр Әділге де арнайы сыйлық табыс етілді.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орын алғандар арнайы алғыс хатпен марапатталып, тұр­мыс­тық техникалар сыйға тартылды. Сондай-ақ Арыс қаласының өр­кендеп дамуына, жастардың пат­риот­тық рухын көтеріп, саламатты өмір салтын ұстануда демеушілік танытып жүрген азаматтарға да алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

egemen.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521