Аптаның алғашқы күндері Орал қаласында дзюдо күресінен 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында республикалық ашық турнир өткен болатын.
Еліміздің әр түкпірінен мықты палуандар жиылған бәсекеде ауданымыздың спортшылары да бақ сынады. Солардың бірі жасынан талай сайыста топ жарып жүрген «Барыс» спорт клубының шәкірті Інжу Жұмажан (40 келі) өз тобында барлық кездесуін жеңіспен аяқтап, турнирдің алтын медалін қанжығаға байлады.
Естеріңізге сала кетсек, Інжу күні кеше ғана Мәскеуде өткен «Весенний кубок» халықаралық турнирінде де топ жарып, ел абыройын асқақтатқан болатын. Осы жолы да жеңістің тұғырына көтерілді. Оның бұл жетістігі ауданымыз үшін де үлкен мерей.
- Шәкіртім сенімімді ақтап, турнирде жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Бұған дейінгі жарыстарда да жерге қаратқан емес. Оның болашағынан да үлкен үміт бар. Осы бағытынан таймаса, әлі талай белестерді бағындары деген сенімдемін, - дейді Інжудің бапкері Тұрар Ризуанов.
Айта кетейік, Інжу Жұмажан Зинеден ауылының тумасы. 12 жастан енді ғана асқан спортшы күні бүгінге дейін де бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы атанып үлгерді.
Жеңіс құтты болсын, жерлестер!
Әділбек СЫРЫМОВ