«Бұл елорда бұрынғылардан өзгерек» Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев астананы ару қала Алматыдан Ақмолаға көшіру арқылы тарихи қадам жасады.
Сөйтіп, 1998 жылы Тәуелсіз Қазақстанның астанасы Сарыарқаның бел ортасындағы Ақмола (Астана) қаласына көшірілді. Халқымыз тұңғыш рет өз тарихында ел астанасының геосаяси және экономикалық орналасу басымдықтарын айқындады, бұл тарихи шешім Президент Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі мен саяси күш-жігері арқасында жүзеге асырылғаны бүгінгі күннің бұлтартпас ақиқаты. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» деп осынау тарихи оқиғаның маңызын ашып берді.
Жаңа дәуірге қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның қазіргі заманғы елордасы қысқа мерзім ішінде елдің нақ жүрегінде бой көтерді. Нақтылай айтқанда, іс жүзінде Астана тек жаңа елорда ретінде ғана өркендеп қана қоймай, Қазақстанның барлық аймақтарындағы индустрияның дамушы салаларының өсуіне қуатты серпін берді. Мемлекеттік басқарудың орталық органдарын бұрын болып көрмеген мерзім мен қарқында жаңа астанаға көшіру, қаланың атын Астана деп лайықты түрде атау – ЮНЕСКО-ның «Қалалар бейбітшілік үшін» медалімен марапатталған жаңа әкімшілік, ғылыми және мәдени орталықтардың пайда болуы атқарылған істердің айшықты айғағы. Астана ел тарихындағы бұрынғы елордалардан өзгеше сәулетпен қанат жайғаны отаншыл азаматтарымызды зор мақтанышқа, қазақстандық патриотизмнің терең де тебіреністі сезіміне бөледі. Астана қаласында сәулет өнерінің қайталанбас ғимараттары Ақорда – Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы, Бәйтерек – Астананың басты символы, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр», «Астана-Арена», «Қазақ елі» монументі секілді ешбір елде қайталанбайтын архитектуралық нысандардың бой көтеруі мен еліміздің тарихи тұлғалары Керей мен Жәнібек хандарға, Кенесары, Құрманғазы, Жамбыл, Бауыржан Момышұлына ескерткіштер тұрғызылуы –Қазақ елінің тарихи шежіресін қамтыған тұтас ансамбльді құрады. Осы ансамбльді толықтыра түсетін және бір нысан – Ұлттық мұражай да Астананың ажарын аша түсті. Бүгінгі таңда жаңа елорданы барша қазақстандық мақтан тұтады. Өйткені, Астана Қазақстанның жаңа дәуірінің жарқын көрінісі болып қана қоймай, жаһандық интеграцияның үйлестіруші әрі қуатты қозғаушы буынына айналып отыр.
Еліміздің бас қаласында жиі-жиі жалауын көтеріп, жемісті істерді жалғастырып жатқан кең ауқымды халықаралық жиындар мен форумдар, ғылыми конференциялар осының айғағы. 2001 жылғы 18 мамыр күні Астанада түркі дүниесіне қадірі жоғары қымбат мұрасы – Күлтегін ескерткішінің көшірмесі қойылды. Бұл тарихи оқиға Қазақстанның бүкіл түркі жұртының қарашаңырағы екенін тағы бір дәлелдеген еді.
Аққали АХМЕТ, Атырау облысы
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің
проректоры, тарих ғылымдарының докторы.
egemen.kz