Жексенбі күні аудандық кітапхананың оқырмандар залында Мыңтөбе мектебінен білім алған ұрпақ өкілдерінің құрастыруымен жарыққа шыққан «Сағынышым – Мыңтөбе» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Ағатай баспасынан басылып шыққан бұл кітапта сол құтты өңірде балалық бал дәуренді бірге өткізген, бүгінде аға ұрпақ өкілдеріне айналған замандастардың өмір жолдары, сағынышқа айналған ұстаздары, сол топырақта туып, елге танылған тұлғалардың өмірі жайында сыр шертіледі.
Тұсаукесерді ашып сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежан бұл шараның ерекше маңызға ие екендігін атап өтті. – Ауданымыздың тарихына сөз бола қалса, ең алдымен Нарын құмы, оның ішінде Мыңтөбе өңірі жайлы айтылмай қалмайды, - деген ол ақын Насихат, күйші Жаңбырбайларды дүниеге әкелген өңірдің әлі де талай ғасар халқымыздың құтты мекені болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ сол қоныста білім алып, балалық дәуренін өткізген аға-апаларына ақ тілегін арнады.
- Бүгін - сыныптастарымыз үшін ерекше күн, - деді одан соң сөз алған Мыңтөбе өлкесінің түлегі, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, Маңғыстау облысындағы Мұнайлы және Исатай аудандарының Құрметті азаматы Табылды Әміров. – Бәріміздің басымызды жинап отырған - туған жерге деген сүйіспеншілік, махаббат. Талай жерде болып жүрміз. Бірақ, қандай сұлу мекен де туған өлкеңмен салыстыруға келмейді. Көзі тірісінде, жарықтық, ақын Фариза апаймен бас қоса қалғанда, елдің, соның ішінде Исатай, Манаш жайлы ұзынсонар әңгіме бастап кететінбіз. Бүкіл шетелді шарлап жүрсе де, Фариза апамыз «Францияға бардым, бәлен қалада болдым» деп мақтанбайды, ішіне сақтап жүрген жан сыры шығар, сірә, жерлесін көрген кезде елге деген сағынышын ақтарып сала беретін. Махаббат деген осы деп есептеймін, - дейді тебірене сөйлеген Табылды ағамыз.
Кітапты құрастырушы авторлардың бірі Бекболат Мусин жинақтың мазмұнын таныстырып, оның лентасын аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрғайша Абежан мен өлкетанушы, ауданның Құрметті азаматы Мұрат Бектенов қиды. Өз кезегінде сөз алған Құрметті азамат ұйымдастырушыларға өз туындысының бірін сыйға тартты.
Шарада ән әуелеп, күй төгілді.
Серікбол БЕРІКБАЙ
Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ