«Мирас» өлкетанушылар клубының кезекті жиыны қойнауы құтқа, даласы тарихи естеліктерге толы Нарын ауылында өтті.
Клуб мүшесі, ақын Адайбек Есекеш Нарын ауылына жеткенше жолдағы әрбір қауымның арғы-бергі тарихына шолу жасап отырды. Онда Фариза ақынның туған жері мен оның әкесінің жатқан жері туралы көптеген деректер келтірді. Әңгіменің қызық жері әрі қарай сол ауылдағы Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектепте жалғасын тапты. Жиынға ұстаздар мен оқушылар және сол ауылдың тарихымен жете таныс ардагер ақсақалдар қатысты.
Жиында «Мирас» клубының төрағасы Мәди Өтеғалиев:
- Біз сіздермен шынайы ашық әңгімелесіп, қазір өмір сүріп жатқан ауылымыздың, туған жеріміздің көмулі жатқан тарихын зерттеп, ашу үшін жұмыстанамыз. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша елімізде көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – осы өлкеміздің тарихын ақтарып, келешек ұрпаққа мұра қылып қалдыру. Осындай жұмыстар арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ендігі біздің мақсатымыз жергілікті тарихи кітаптардан бөлек, осындай кездесулер арқылы ескерілмей қалған орындар мен жер су атауларын, тұлғаларды т.б. тарихқа қатысты мәселелерді жинақтап, кітап шығару және оны ұрпаққа насихаттау арқылы құндылықтарымызды таныту,-деді клуб төрағасы.
Біз осы уақытқа дейін оқып, естіп жүрген киелі Манаш, Нарын ауылдарының тарихы тереңде екенін аңғара бермейміз. Қазір жергілікті тұрғындардың көбі ауылдың бұрынғы өміріне көп көңіл бөле бермейтіні рас.
Клуб төрағасы осы жайында айта келіп, Нарын ауылы бұрын Дүзен деп аталғанын, 1970 жылдары теміржол салынып, теміржолшылардың үйлері тұрғызылып, біртіндеп адамдар қоныстанып, қазір ауылдық округ деңгейіне жеткенін айтты.
«Мирас» клубы құрылғаннан кейін ауданның барлық округтерінде кездесулер өткізіп, тың деректер жинақтап келеді. Қазір әрбір ауылда көненің көзін сақтайтын шағын музейлер ашылып, ескі жәдігерлерді жинақтай бастаған көрінеді. Ақын атындағы мектептің директоры да келешекте мектеп жанынан шағын музей ашу жоспарда бар екенін айтты.
Әзірге өлкетану бағыты бойынша мектепте «Шежіре» өлкетану үйірмесі жұмыс жасайды. Үйірме жетекшісінің айтуынша, қазір құрамында 24 оқушы бар. Олардың 80 пайызы Фариза ақынның шығармаларына қанық. Үйірме шәкірті Аяулым Көптілеу ақынның «Мен сонда жылап қалғам» өлеңін тебірене оқып берді, біз бұдан жерлестерінің ақынға деген шексіз құрметін байқадық.
Жалпы осындай кездесулердің нәтижесінде алдағы уақытта «Мирас» клубының тарихи-танымдық шығармаларынан жинақталған еңбек жарық көреді деп күтілуде. Бұның ішінде Нарын ауылының да арғы-бергі тарихы толықтай қамтылады. Кездесуде клуб мүшесі, ақын Адайбек Есекеш ауылдың тарихы және көне орындар туралы әңгіме өрбітті. Жиынға қатысушылар өлкетанушының әңгімесін ұйып тыңдады. Өйткені, айтылған деректердің көбі тың деректер еді.
- Адам ең бірінші туған жерінің тарихын білген жөн. Ол үшін оны мектеп қабырғасынан бастап оқып, түсінуі қажет. Біздер бұрынғы қарттардан естігенімізді айтып, барынша келешек ұрпаққа ауылымыздың тарихы туралы құнды деректер қалдыруды ойлаймыз. Оны одан әрі Отанын сүйетін, туған жерін қастерлейтін ұрпақ жалғастыруы керек.
Біздің ата-бабаларымыз 1800 жылдардың басында Бөкей сұлтанмен бірге осы жерге келіп қоныстанған. Ол кезде жиектің тұсы Жақсылық ата қауымы болған. «Жақсылық Барақбаев деген атамыз 24 жыл старшын болып, патшадан алтын медаль алған кісі» деп қарттар айтатын еді. Оны мен бала күнімде күйші композитор Ахмет Жұбановтың «Күй атасы» деген кітабынан оқып едім. Сол Жақсылық қауымының артқы жағынан таудың тасынан жасалған құлпытас табылды. Онда арабшаға ұқсас жазулар болды, бірақ оны Атыраудағы да, Алматыдағы да мешіт имамдары оқи алмады.
Бір кездері «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ауданға келген Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті тарих кафедрасының оқытушысына қолқа салып, ол мамандар арқылы аудартып берді. Құлпытаста парсы тілінде жазылған екен. «Руы Беріш. Тайпасы Есенғұл. Барақбайұлы Көшербай. 1847 жылы 76 жасында қайтыс болды. Белгі қойған Бәкәт Мырза» деп жазылыпты. Мен оны ұрпақтарына тапсырдым. Осыдан 5-6 жыл бұрын 8-мамыр күні ұрпақтары келіп, белгі қойды.
Асқар Қазбек деген азамат екеуміз Ақарал деген жерге барып, бір ескі орынды көрдік. Сол жерде екі сыныптық орыс мектебі болыпты деп еститін едік, ол жерлер де зерттеуді қажет етеді. Ал, Манаш ауылы Қызылбалық колхозының орталығы және онда бес жүзге тарта үй болған. Бұл жерден көптеген мәдениет, қоғам қайраткерлері шыққан. Ауылдың кіреберісінде Фариза ақынның әкесі Оңғарсын қауымы бар. Оның әкесі Бекіш, Бекіштің әкесі Иманғали. Мидар қауымында болар деп ойлаймын, Ғабиден Мәмеков деген автомобиль жолдары министрінің орынбасары болған, Қали Қожақаев деген кісі қазір Манашта жатыр, ол көптеген жерде басшылық қызмет атқарған. Қызтуғанның жағасында Өтеғали Ғаппас деген ескі қыстаудың орыны бар. Өтеғалиев Ысқақ деген ағамыз он бес жыл балық министрі болған. Айта берсек, ғалым, профессор, доктор, ақын жазушылар өте көп. Ауылдың шетінде Исатай батырдың әкесі Тайман, оның арғы жағында Жабас әулиелер жатыр. Манаштың бергі жағында Исатай батырдың алғаш қол жинап, соғысқа аттанған төбесі бар. Осылардың бәрін ұрпақтар білуі керек» дейді Адайбек Есекеш.
Қасиетті мекенге қадам басқаннан кейін ақын Адайбек Есекеш Фариза Оңғарсынованың Манашқа арнап жазған «Туған ауыл» өлеңін оқып берді. Одан кейін қатысушылардың сұрауы бойынша ақын Нұралы Әжіғалиевтің бір өлеңін оқыды. Кездесуде Нарын ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ғабит Қазбек: -
- Бұрын Нарын ауылының тарихын ешкім келіп қазбалап зерттеген емес. Ауылымыз тұнып тұрған тарих, көнеден қалған мұражай десе де болады. 1970 жылдары бұл жерде бастап ауыл құрылған. 2002 жылы округ орталығы болып, өз алдына бөлініп шықты. Оның алдында Исатай ауылдық округіне қарады. Қазір 245 үй, 1300-дей адам тұрады. Бұл жерде көбі біле бермейтін ескі орындар бар. Құмның іргесіндегі Мыңтеке жерінің арғы етегінде жатқан адам сүйектері құм көшкен уақытта жердің бетіне шығып жатады. Сонымен қатар ескі қару-жарақтардың сынықтары секілді ескі дүниелер көп. Бірақ қай жылдан бері жатқаны белгісіз. Былтыр Мыңтөбенің басына көмекке барған бір малшы сол жерден алтыннан құйылған аттың тұсауы мен алтын әшекей бұйымдар тауып алыпты. Бірақ, оны өзі пайдалана алмай, кейін сол орынға қайта апарып тастапты. Егер зерттеп қараса, ол жерден де әлі көп заттар шығуы мүмкін», деді.
Алтын дегенді естіген кезде бәріміз төбемізден жай түскендей жалт қарадық. Қазірдің өзінде адам қолы жете бермейтін алтынның кесегі құмда жатса, сол жердегі бұрынғы тұрғындардың ерекше бай болғанын болжауға болады. Бірақ, зерттеу жұмыстарын жүргізбей тұрып, әлі нақты бірдеңе деп айту қиын. Осындай тарихты өрнектейтін тағы бір оқиғаны клуб төрағасы өз аузымен баяндап берді.
- Мен жақында Зинеден ауылына барғанда Уахит Әділов деген қартпен кездестім. Забурынның ар жағында Октябрск деген кен орны бар. Ол кісі сол жерде жас күнінде бұрғылау жұмыстарын жүргізіпті. Оның айтуынша, сол жердегі ескі үйлердің орнынан бір сынық тастабақ тауып алыпты. Астында «Фарфор завод имени Кузнецова. Город Варшава» деген жазу бар екен. Ол кісінің пайымдауынша, бұрын бұл жердегі қазақтар балық аулап, жұмыс жасаған. Балықты судан кемемен, одан Астраханға ат арбамен тасиды екен. Сонда «Забурыннан ауланған балық Варшаваға айырбастауға баруы мүмкін» дейді. Сол жақтан тауар келіп, сол тастабақтарды балықшылар пайдаланған. Ол шамамен 1800 жылдардың аяғы. Бір дүние арқылы бірнеше тарихтың парағын ашуға болады»,-дейді ол.
Ол рас, бұл жерде бұған дейін көп адамдар тұрып, көп адамдар жерленген. Бірақ олардың ұлты мен шаруашылықтары туралы нақты деректер аз. Біз тарихи кітаптардан оқығанымызға сүйене отырып, болжам жасай аламыз. Бірақ, табылған көне бір заттың өзі болжамды түбегейлі өзгертіп, басқа оқиғаның бетін ашуға көмектесуі мүмкін.
Кеш барысында клуб төрағасы: - Біздің жеріміз тарихи құнды деректерге толы. Бірақ ол туралы білуге құлшынып, арнайы көңіл бөліп қарамаймыз. Бұл Манаш, Нарын ауылдары халықаралық жолдың бойында болғандықтан, жолдың бойына жеріміздің киелі екенін көрсететін ескерткіш тақталар тұрғызсақ, артық болмас еді. Оны «жастарға насихаттап, оқушыларды экскурсияға апарып, танымдық шаралар өткізсе» деген ұсыныс та бар. Осыған мектеп директоры, әдебиет, тарих пәнінің мұғалімдері атсалысса, көптеген еңбектер жарыққа шығар еді,-деді.
Сонымен бірге, кеудесі алтын сандық, шежіреші ақсақалдардың көзі тірісінде қадірін білмей, көптеген деректерден айырылып қалып жатқан тұсымызды да айтып, қынжылды.
Сондай ақсақалдардың бірі Ғимеден Бақытұлы өзінің берген сұхбатында бар білген түйгенімен бөлісті. Ол өңірге танымал атақты әнші, сері әрі батыр болған банды Аманғали Кенжеахметовтың туған жиені. Бұрын Аманғалидың есімін ғана еститін едік. Оның өмір жолын жатқа білетін жиені Ғимеден атаның өлке тарихына қосар тың жаңалықтары өте көп. Ол кісінің жасы 80-нің үстінде болса да, көптеген естеліктерді жатқа біледі.
Жалпы банды Аманғали қуғынға ұшырап, 1928 жылы атылды. Оның 1910 жылы туған Рақила есімді қызынан Ғимеден ата туған. Бұл кісі бізге нағашысы туралы көп әңгімелер айтып берді. Алдағы уақытта жарық көргелі отырған клубтың еңбектерінен оқып танысуға мүмкіндік болады.
Клуб төрағасы жиынды қорытындылай келе Нарын ауылынан Ғабит Қазбекті мүшелікке қабылдады. Сонымен қатар, «Мирас» клубының атынан өзінің «Атажұртым ардақтым» атты кітабын мектеп кітапханасына сыйға тартты.
Берікбол ҚОНАРОВ