Ежелгі Сарайшық қалашығы туристік орынға айналады, мұнда қазақстандық және шетелдік қонақтарды қабылдауға барлық жағдай жасалады, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл туралы «Сарайшық» қорық-музейінің директоры Әбілсейіт Мұхтар айтты.
«2018 жылы «Сапар» туристік орталығының жобасы мақұлданды. Үш жыл бойына ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Махамбет өңірінен екі гектар жер бөлініп, орталықтың құрылысы басталды. Аумақта ортағасырлық үлгідегі мешіт салынуда. Сондай-ақ, қонақүй, ашық аспан астындағы мұражай, Қасым хан ескерткіші мен демалыс аймағын салу, ортағасырлық үйлерді қалпына келтіру жоспарлануда. Жоба Сарайшықтағы жұмыс істеп тұрған мұражайды да кеңейтеді. Еліміз бойынша елді мекен аумағынан табылған 4500-ден астам жәдігер бар, біз оларды тарихи орынға қайтаратын боламыз. Сарайшықты бүкіл әлемге танытуымыз керек. Ол үшін туристерге тиісті деңгейде қызмет көрсету үшін жағдай жасау қажет. Бұл күн де алыс емес деп ойлаймыз», - деді Әбілсейіт Мұхтар.
Сондай-ақ, спикер Сарайшық елдімекеніне жыл сайын жиырма мыңға жуық турист келетінін атап өтті. Оның бір мыңы шетелдіктер. Алдағы уақытта орталықтың пайда болуымен Сарайшықта туристер саны айтарлықтай артады деген болжам бар.