Жанбайда болған жақсы әңгіме

Елімізде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық музей жанынан құрылған «Мирас» өлкетанушылар клубының мүшелері аудан елді мекендерін аралап, деректер жинау мақсатындағы кезекті сапары Жанбай ауылында жалғасын тапты.

Жолға шыққан топ құрамында белгілі өлкетанушылар, жазушы-журналистер Мұрат Бектенов пен Мәди Өтеғалиев, тарихшылар Ерболат Насимуллин мен Мүтиғолла Насиханов, Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен майдангерлер туралы зерттеу жүргізуші Еркін Жұмажанов және Исатай Тайманұлы атындағы музей басшысы Гүлмарал Жұбанова болды.

Толқыны тулаған қарт Каспийдің жағасынан орын тепкен бұл елді мекенмен танысу осындағы Х.Наубетов атындағы орта мектептен бастау алды. Мұндағы бір қуантарлық жағдай мектеп ұстаздары мен оқушыларының атсалысуымен шағын өлкетану музейінің негізі қаланып жатқаны болды. Кең де жарық бөлме талапқа сай безендіріліп, онда мектеп тарихы туралы жазылған буклеттер, еңбек еткен ұстаздар мен үздік бітірген, өнерлі түлектер, ауылдың атақты азаматттары туралы мәліметтер мен фотосуреттер жинақталып, олармен танысуға қолайлы жағдай жасалыпты. Сонымен қатар ерте кезде ата-бабаларымыз пайдаланған қымыз бен шұбат ащытуға, сақтауға арналған күбілер, ат-әбзелдері, Кеңес үкіметі дәуіріндегі керосинка, радиоқабылдағыш, теледидар т.б. көптеген жәдігерлер жинақталыпты.

Ауданымыздың басқа білім ордаларының өмірінде көп кездесе бермейтін, мектептің негізі қаланған күннен бастап осы күнге дейінгі тарихын баяндайтын арнайы кітаптың шығарылуын ерекше атап өтсек болады. 

Осының өзі мектеп басшылығы тарапынан шәкірттерге өлке тарихын насихаттауға деген оң көзқарастың бар екендігін дәлелдегендей. Біздің осы тұжырымымыздың дұрыс екендігіне туған жерін танып білуге ынталы ұстаздар мен оқушылармен болған кездесу шарасында да анық көз жеткіздік. Жүздесуді аудандық музейдің басшысы Гүлмарал Жұбанова кіріспе сөзбен ашып, «Мирас» өлкентаушылар клубының құрылу мақсатын айтып, келіп отырған топ мүшелерімен таныстырды. Одан кейін мінберге көтерілген Х.Наубетов атындағы орта мектеп директоры Ғ.Жиенгазиев білім ордасындағы оқушыларға өз өлкесін таныту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда И.Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық күресі бастау алған Манаш елді мекеніндегі ескерткішке, Сарайшық қаласындағы археологиялық қазба орыны мен Каспий теңізіне оқушыларды апарып, табиғат аясында  ашық сабақтар өткізу дәстүрге айналған екен. Оның сыртында мектеп музейінің негізі қаланып жатқанына жоғарыда айтып өттік.

«Өткен ғасырдың  70 жылдары осы мектепте қазақтың атақты суретшісі Ш.Сариев еңбек еткен екен. «Ол кісі бір күні біздің үйге келіп қонақ болып келіп отырып, әкем Молдағазының фотосуретін суратып алып кетті. Бірер аптадан кейін «Радист Молдакең» деген атпенол кісінің портретін салып алып келіп, сыйға тартты. Қазір әкем де, атақты қылқалам шебері де өмірде жоқ. Сондықтан суретті Ш.Сариев атындағы облыстық музейін тапсырдым» - деді осы бір сирек кездесетін ерекше сәттерді тебірене еске алған Ғимади Молдағазыұлы. «Мені қынжылтатыны» - деп сөзін жалғаған мектеп басшысы - кейбір оқушыларымыз әлі күнге дейін жеті атасын, өзі тұратын көшенің атының кімнің құрметіне қойылғанын білмейді. Сондықтан шәкірттерімізге  өз өлкесінің тарихын меңгертуге басты назар аударып отырмыз».

Оның сөзін жалғаған жазушы өлкетанушы Мұрат Бектенов – Жанбай ауылдық округі аумағында қазақтан шыққан тұңғыш сүңгір қайық капитаны, батырымыз Қуанғали Ихаров, атақты ақын Шынияз Шонайұлы өмірге келгенін еске салып өмір жолдарына шолу жасап, оларды кейінгі ұрпақ ұмытпау керек деді.

Танымдық - тәрбиелік бағытта өткен бұл жүздесу ауыл ардагерлерінің қатысуымен болған «Өлкетану – Отан тарихының бастауы» атты дөңгелек үстел жанындағы пікір алысу шарасына ұласты. Оған клуб мүшелерімен қатар жергілікті өлкетанушы, ақын Адайбек Есекеш, еңбек ардагерлері Мырзажан Балпанов, Мұстажап Аяшев, Теміртас Игіліков, Аман Ибатов қатысты. Бұл шара елімізде жүргізіліп жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты темірқазығы әрбір Қазақстандық азаматтың жүрегінде туып өскен жеріне деген ыстық махаббат пен құрмет болмайынша - Ұлы Отанымызға адал қызмет ету, оны шексіз сүйе білу де екіталай деген қағидаға сай өткендіктен, күн тәртібіне шығарылған негізгі тақырып та Жанбай ауылының барғы бергі тарихы, осы өңірде өмір сүрген тұлғалар туралы болды. Дөңгелек столды «Мирас» өлкетанушылар клубының төрағасы жазушы-журналист Мәди Рахымұлы Өтеғалиев жүргізіп отырды.

Мәди Өтеғалиев – Әңгімемізді Жанбай ауылының арғы тарихынан бастасақ...

Аман Ибатов – Қарт Каспийдің жағасын жайлаған осы өңірде ежелден адамдар қоныстанған деп естимін. 18 ғасырдың аяғында біздің ауыл тұрған жерге орыс байы князь Б.Юсупов балық аулайтын Батаға орнатып, орыс балықшыларын әкеліп қоныстандырған. Біздің қазақтар батағаны «Қызылбас» деп атап, оларға жалданып еңбек еткен. «Қызылбас» аталуының себептерін жергілікті адамдар бұрын осы жерде  көктемде қызыл бас гүлдер (мүмкін қызғалдақ шығар...) көп өскен, сондықтан осылай атаған екен десе, енді бір әңгімеде Батағада «Кызылбашев» деген шашы қызыл түсті балық қабылдаушы болыпты, соған орай «Қызылбас» деп ат қойылыпты дейді. Оның жәйін әлі де зерттеп, нақтылау қажет деп ойлаймын.

Адайбек Есекеш – осы маңда одан басқа Герасим (Манаш тұсында) Маслинский (Жанбайдың оңтүстік-батыс жағында), Трехбратинский (Манаштың тұсында), Швырнов (Манаштан батысқа қарай) сияқты бірнеше батағалар болған. Олардың бәрі орыс княздері Юсуповтар әулетінің меншігі екен. 1917 жылы Кеңес үкіметі орнағанға дейін жеріміздің байлығы солардың қолында болып, біздің ата бабаларымыз жалданып балық аулаған.

Мырзажан Балпанов – Кеңес үкіметі құрылғаннан кейін орыс байлары меншігіндегі балық аулау кәсіпшіліктері мемлекетке қайтарылып, Жанбайда «Жаңаталап» деген алғашқы серіктестік, кейін осы аттас колхоз құрылып жұмыс жасаған.

Мұстапжан Аяшев – Енді ауылдың «Жанбай» аталу тарихына келсек – онда да бір нақты тұжырым жоқ Батағалар болған кезде осы жерден балық тұздау үшін шұңқыр қазылған екен ,оны «Жамбо» деп атапты. Сондықтан ауыл осылай аталған екен деген әңгіме қисынға келмейтін сияқты. Өйткені 1801 жылы Бөкей хан Жайықтың шығыс бетінен бері өткенде себек беріштердң Жанбай атасы ұрпақтарына осы жер берілген екен,сол себепті ауылдың аты «Жанбай» аталуы бек мүмкін ғой – деп ойлаймын.

Мәди Өтеғалиев – Енді тақырыпты Ұлы Отан соғысы кезіндегі оқиғалардың белгісіз беттеріне бұрсақ...

Мырзажан Балпанов - Аулымызда Ұлы Отан соғысынан оралмағандарға арналған ескерткіш тақта бар. Онда 100- аса боздақтардың есімі жазылған. Бірақ олардың бірқатарының қайда жерленгені белгісіз. Мен әкем Қадырбаев Балпанның қайтыс болған жерін Волгоград облысынан тауып, басына барып дұға бағыштап, ескерткіш белгі қойып қайттым. Оған септігін тигізген Е.Жұмажанов інімнің тапқан деректері  болғаны үшін ризашылық білдіремін

Еркін Жумажанов – Мен интернет арқылы 400 - аса Исатай ауданынан соғысқа аттанып, хабарсыз кеткен жауынгерлердің зиратын тауып, аудандық газетке жарияладым. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда өткен жылы ғана осы ауылдан соғысқа аттанған Жұбанов Талиптің жерленген жері белгілі болды. Ол 1943 жылы 16 сәуірде Ресейдің Чуваш республикасының Чуварлей селосында қайтыс болған екен. Баласы Бақыт әкесінің басына баруды жоспарлап жүр деп естеймін.

Мәди Өтеғалаиев – Жанбай ауылының өсіп өркендеуіне негіз болған шаруашылықтар туралы не айтасыздар?

Теміртас Игіліков – 1957 жылға дейін осы аймақта жұмыс жасаған «ІІІ-Интернациональ», «Қазақстанның 25 жылдығы», «Родина», «Қарабатыр»,»Фурманов», «Елтай», «Алғашық» және «Алғабас» атты 8 ұжымдық шаруашылық біріктіріліп «Забурын» кеңестік шаруашылығы құрылды. Орталығы Забурын (қазіргі Зинеден) ауылы болды. Кеңшардың алғашқы директоры Ғатих Маштахов ағамыз. Бірақ кейіннен директор болған Жакеш Қонарбаевтың тұсында орталық Жанбай ауылына  көшірілді. Ол кезде осында бастауыш мектеппен 30 шақты шатырсыз тамдар ғана бар екен. Құрлыс монтаж мекемесі аз уақытта 2 үйліктен 4 үй, наубайхана, орта мектеп және  кеңшар кеңсесі болған ескі гараждың артынан ұзын ғимаратты салды. Шаруашылық құрылғанда 3 ірі қара, 4 қой фермасы, оларда 7 мың сиыр, 3 мың жылқы , 30 мыңдай қой болды. Сөйте-сөйте қазіргі Жанбай өсіп, ұлғайды-ғой. Ауыл әсіресе  Қ.Сахуалин, М.Жұмабаев директор  болған жылдары ажарлана түсті. Бірақ шын мәнісінде халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, сәнді үйлер, Мәдениет үйі, спорт кешені салынып, көшелерге қатқыл табанды жолдар төселіп, табиғи газдың келуі Тәуелсіздік жылдарында жүзеге асқанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Мәди Өтегалиев – Жанбай ауылдық округінің аймағында қандай киелі жерлер бар?

Адайбек Есекеш – Әрине халық сиынып, басына барып түнеп қадір тұтатын киелі жерлер бар. Жанбайдан шығып Мыңтөбеге қарай жүретін күре жолға жақын Нарын құмында «Қыз әулие», оның қатарында «Жабас әулие» деген атаумен аудан облыс аумағына белгілі орындарға барушылар қатары көп. Бірқатар адамдар одан өзіне шипа тауып жүргенінде аңыз қылып айтады. Менің ұсынысым осындай орындарды облыстың туристік картасына енгізіп, басында түнек үйлерін салсақ, келушілер саны арта түсер еді.

Мәди Өтегалиев – Иә, Ұлы даламыздың терең тарихы мен шемен шежіресінен сыр шертетін ғасырлар мүжіген қаншама киелі жерлер бар. Ендігі мақсат осындай бай мұраларымыздың жас ұрпаққа жіті таныстырып, олардың бойына бабалар тағылымы мен өсиетіне, қасиетіне деген құрметін ояту. Сол арқылы туған жердің әрбір тасы мен шөбін қастерлейтін, әрі бабадан аманат қалған жерді дұшпанға бастырмай, жанындай қорғап өтетін азаматтар тәрбиелеу. Бүгінгі дөңгелек үстел басында айтылған жақсы әңгімелеріміздің басты өзегі осы мақсатты жүзеге асыру жолындағы бір қадам деп түсінулеріңізді сұраймын. Жүздесуді қорытындылай келе қандай ұсыныстарыңыз, талап тілектеріңіз бар екенін білгім келеді.

Ғимади Жиенғазиев –Х.Наубетов орта мектебінің директоры.

- Ауылымыздағы Ұлы Отан соғысындағы ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер есімі жазылған ескерткіш тақтаның күтімсіз тұрғаны көпшілікті мазалайды. Сыртық қаптамалары түсіп, көшенің көркіне нұқсан келтіруде, оның үстіне санаулы айлардан кейін Жеңіс мерекесі келеді. Сонда Отан үшін опат болған ерлердің рухына жасалып отырған бұл құрметсіздік болмай ма? Осы ескерткішті тез арада жөндеу шарасын алу қажетдеп ойлаймын.

- Жанбайдың ескі клубының ғимараты қаңырап бос тұр. Осы орынды жөндеп, музейге айналдырсақ.

Адайбек Есекеш – ақын, өлкетанушы.

- Біздің округтің аймағында «Манаш» атты елді мекен бар. Осында Исатай Тайманұлы бастаған ұлт азаттық көтеріліс басталған. Атақты Қазтуған жырау , Ф.Оңғарсынова сияқты көптеген атақты адамдар өмірге келген қасиетті топырақ. Сол жерге бір ескерткіш белгі орнатсақ кейінгі ұрпаққа өнегелі іс болар еді.Мен ол туралы бұрынғы облыс басшыларына ұсыныс жасаған едім.Олар қолдағанмен еш нәтиже болмай отыр.

Мырзажан Балпанов - ардагерлер кеңесінің төрағасы – Жанбай ауылының ортасында өткен ғасырдың 50 жылдары пайда болған ескі қорым бар. Сол жерді қоршасақ дұрыс болар еді.

Мәди Өтеғалиев – «Мирас» өлкетанушылар клубының төрағасы.

- Бүгінгі басқосуымыздың басты мақсаты «Жаңарған Қазақстан» мемлекетін құрып жатқан елімізде кейінгі жастарға өскен өлкемізді таныту, барымызды қастерлеп, оған мұқият болуды аманат ету болса сіздер соған мұрындық болады деп сенемін. Талқыланған тақырыптарға белсене араласып, білген көргендеріңізді ортаға салып, ұсыныстарыңызды білдіргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздердің айтқан ұсыныстарыңыз аяқсыз қалмас, басшылардың құлағына жетер деп ойлаймын. Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Мүтиголла НАСИХАНОВ,

тарихшы, «Мирас»өлкетанушылар клубының мүшесі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521