Ғаламтор жаман торға айналмасын

Ғаламторға тәуелділік бүгінгі қоғамда бірге өмір сүріп жатқан сіз бен бізге жаңадан жабысқан дерт десек артық болмас.

Мамандардың пікірінше, компьютер тұтынушыларының 5-10 пайызы ғаламторға тәуелді. Бұл ой-санасы, жеке пікірі қалыптасқан, ерік-жігері мен таңдау мүмкіндігі бар адам болсақ та, дәл осы ғаламтор алдында дәрменсіздік танытып жататындарымыз аз емесін айғақтайды. Үлкендердің қарекеті осы, ал ой-санасы қалыптаспаған, ақ пен қараны ажырата алмайтын балаларымыздың әрекеті қандай болмақ?

Тек ақиқат жайттар емес, жалған ақпараттары да өріп жүретін ғаламтор балаларымызды жақсылыққа да, жамандыққа да итермелеуі әбден мүмкін. Өйткені, оның бетінде сан түрлі қаскүнемдік жағдайлар, жиіркенішті нәрселер, адамдық емес азғындық жайттар жазылып, тіпті, жаман әдетке үйрететін сайттар да көбейген. Бұл ретте сананы улайтын дұрыс емес ақпараттар ой-пікірі қалыптаспаған баланың денсаулығына, жан дүниесіне, тұлғалық дамуына кері әсерін тигізерін жоққа шығаруға болмайды-ақ.

Шындыққа жүгінсек, мектеп жасындағы балалар әрқилы әлеуметтік желілердің тұрақты «қонағына» айналғалы көп болды. Басқасын былай қойғанда, балалар ғаламтор арқылы бейтаныс жандармен танысып, «сәбиқұмар» жауыздардың құрбанына да айналып жүргендігі туралы деректер жазылып жатады. Қазір соны ой тоқтатпай оқып шығатын дәрежеге жетіп қалдық. Сіз бен біз тұтынатын ғаламтор әлемі озбырлық пен асқан қанішерлікті де кеңінен насихаттайтыны жасырын емес. Тіпті ғаламтор арқылы баланы суицидке итермелейтін жандар да бар екен. Ал ата-ана болса, баланы интернеттен қорғай алмай әлек.

Бүгінде балалар ғаламтор арқылы таратылатын түрлі ақпараттан сақтанып отырған жоқ, бұл - мамандардың пікірі. Халық арасында «В контакте», «Мой мир», «Твиттер», «Фейсбук» сынды әлеуметтік желілер кеңінен танымал. Бір минутта әлеуметтік желілер арқылы кем дегенде 20 миллионға жуық хабарлама жазылады екен. Ал минут ішінде 8 адамның жеке мәліметтері ұрланатын көрінеді.

Бір қарағанда, компьютер алдында отырған баланың не істеп, кіммен тілдесіп отырғаны елеуге тұрмайтын-ақ жайт сияқты. Дегенмен, әртүрлі ойындарды ойнап, мінез-құлқы мен психикасы бұзылған жасөспірімдер баршылық. Мәселен, 2001 жылы Ресейде үш бала ойынға беріліп, өздеріне қол салса, АҚШ-та Шон Вуллей есімді азамат виртуалды әлемге еніп, ақыры суицид жасаған. Дәл сол кезде Шонның анасы: «Бұл - тәуелділік. Сен не өлім құшасың, не жынданасың, не тірі қаласың. Менің ұлым өлім құшты» деген екен. Расында, ғаламтор әлемі балаларға жапа шектіреді. Бала түгілі, ересек адам ғаламторға тәуелді болатыны соншалық, ұйқы мен жұмысты, тіпті жеке өмірді кейінге ысыра салатындар баршылық дейді мамандар.

Ал, мінез-құлқы мен көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жеткіншектің ғаламторға тәуелді болуы тіптен қауіпті-ақ. Мәселен,7-8 жас аралығындағы бала ата-анасы отыруға рұқсат етпейтін сайт немесе әлеуметтік желілерге кіруге тырысады. Ол жастағылар - аңғал, сенгіш болып келетіні белгілі. Сол себепті де ата-ана ғаламторды қолдану мүмкіндігін шектейтін немесе жұмыста отырып, үйдегі баласының ғаламторда нені көріп, нені оқып отырғанын бақылай алатын бағдарламаларды қолдануы керектігін кеңес етеді амандар. Нәтижесінде бала өзінің үнемі бақылауда екенін түйсінеді екен.

«Ғаламторға кірудің үй жағдайындағы ережелер тізімін жасаңыз және оның орындалуын талап етіңіз» дейді мамандар. Айтуынша, балаңыздан компьютер алдында отырғанда уақыт режимін сақтауын талап етуіңіз шарт екен. Сіз оны бақылағыңыз келгендіктен емес, оның қауіпсіздігі үшін уайымдайтындықтан қадағалайтындығыңызды және оған қашан да көмектесуге әзір екендігіңізді көрсетуіңіз керек-ақ.

Ғаламтор желісіне қосылған компьютер отбасы мүшелеріне ортақ бөлмеде, ата-ананың бақылауында болуы тиістігін айтушылар баланың өзінің жеке электронды поштасы болмас үшін отбасылық электронды пошта ашып қоюға кеңес береді. Балаңыздың сіздердің рұқсаттарыңызсыз музыка немесе басқа да бағдарламаларды жүктеп алуына, әлеуметтік желілерде хабарлама алмасу функциясын қолдануына рұқсат етпеуіңіз, шынайы өмірдегі достары туралы айта бастаса, ғаламтордағы достары туралы да сұрап, хабардар болып отыруыңыз маңызды екен.

Кейбір мамандардың «балаңыз үлкендерге қатысты сұрақ қойса, жауап беруден жалтармаңыз. Өйткені, ол сіз бере алмаған жауапты ғаламтор желісінен іздеуі мүмкін және іздеу барысында «үлкендерге арналған» сайтқа тап болуы да ғажап емес» деуі де ескере жүрер жайт. «9-12 жас аралығындағы бала ғаламтордан қандай ақпарарт алуға болатынын біледі. Олардың ән тыңдап, әлдене оқуға ниеттенуі де қалыпты жағдай. Ғаламтордағы ата-ана бақылауы (родительский контроль) арқылы керексіз материалдарды бұғаттап тастауға болатынын естен шығармаңыз» дейді олар. Бұл ретте балаға ғаламтордағы кіруге болмайтын сайттар туралы және неге кіруге болмайтынын айтуды ұмытпаған абзал болмақ. Балаға ғаламтордағы сайттардың бәрі бірдей жақсылыққа үндемейтінін, ақ пен қараны ажырата білуді үйрену керек екендігін түсіндіріп әрі ескертіп отырудың еш артықшылығы жоқ.

13-17 жас аралығындағы бала белсенді түрде іздеу тетігін басып, электронды поштаны қолданады және достарымен өзара хабарлама алмасып, компьютеріне музыка мен фильмдер жүктейді. Ұлдар барлық шектеудің шекарасын бұзып, ғаламтордағы құмар ойындарына қызығып, «үлкендерге арналған» сайттарды қарағанды жақсы көреді. Бұл жастағы балаларды бақылау ата-ана үшін қиынға соғады, себебі, балалар ғаламтордың қыр-сырын ата-аналарынан да жақсы білуі мүмкін. Осы ретте, «заманына қарай амалы» демекші, бүгінгі ата-аналардың қазіргі дамып бара жатқан технологиядан қалыс қалмауға ұмтылғанын қате демес едік. Осыдан кейін балаңыз қандай сайт пен әлеуметтік желіде көбірек отыратынын білуіңіз керек және олар көп отыратын сайт пен әлеуметтік желілерді жақсылап зерттеңіз деушілердің жанашырлығы да жақсы түсінікті. Иә, балаларымыз үшін ғаламтор шырмауықтай шырмаған жаман торға айналып жүрмесін дейік.

Жоламан Даулетияр

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521